Accessibility links

«Қайрат» футбол клубы Қазақстан кубогын иеленді


Көрнекі сурет.

Көрнекі сурет.

Астанадағы «Астана арена» стадионында өткен финалда Алматының «Қайрат» клубының ойыншылары «Ақтөбе» командасын 4:1 есебімен ұтып, Қазақстан кубогын жеңіп алды.

Матчтың 20-минутында «Ақтөбе» ойыншысы Роберт Арзуманян өз қақпасына доп соғып, «Қайрат» командасы алға шықты. Араға жеті минут өткенде «Ақтөбе» сапынан Юрий Логвиненко есепті теңестірді. 31-минутта «Қайрат» құрамындағы Кот-Д'Ивуардан келген легионер ойыншы Жерар Гоу «Ақтөбенің» қақпасына екінші голды салды. Кездесудің 66-минутында Гоу бәсекелестің қақпасына және бір доп енгізді. Ал 86-минутта «Қайрат» ойыншысы Аслан Дарабаев «Ақтөбе» командасының қақпасына төртінші голды соқты.

«Қайратты» словакиялық маман Владимир Вайсс, «Ақтөбені» ресейлік бапкер Владимир Газзаев жаттықтырады.

«Қайрат» командасы Қазақстан кубогын осымен алтыншы рет иеленіп отыр. Бұған дейін алматылық клуб 1992, 1997, 2000, 2001 және 2003 жылдары кубок иегері болған.

Биылғы Қазақстан чемпионатында «Астана» клубы жеңімпаз атанып, «Ақтөбе» командасы күміс медаль еншілеген еді.

Футболдан Қазақстанның келесі чемпионаты 2015 жылы наурызда басталады.

  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген.

    Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

    "Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

XS
SM
MD
LG