Accessibility links

Петропавл маңында темір жолдағы апаттан бір адам қаза болды


Темір жолдағы жүк вагоны. (Көрнекі сурет)
Темір жолдағы жүк вагоны. (Көрнекі сурет)

Бүгін Солтүстік Қазақстан облысында жүк автокөлігі мен жүк пойызы соқтығысып, салдарынан бір адам қаза тапқан. Бұл туралы Азаттыққа Солтүстік Қазақстан облыстық төтенше жағдайлар қызметінің баспасөз хатшысы Евгений Журавлев хабарлады.

Оның айтуынша, оқиға сенбі күні жергілікті уақытпен күндізгі сағат 12.30 кезінде облыс орталығы Петропавл қаласынан 18 шақырымдай жерде, Петропавл – Кондратовка темір жол бөлігінде болған. Петропавл бағытында келе жатқан жүк пойызымен темір жол өткелінде соқтығысқан тіркемесі бар МАЗ жүк автокөлігінің жүргізушісі - 24 жастағы жігіт оқиға орнында мерт болған. Апат салдарынан төрт жүк вагоны темір жолдан шығып кеткен.

Дәл сол сәтте екінші жолмен Иркутск-Кисловодск бағытындағы жолаушылар пойызы келе жатқан.

«Темір жол үстіндегі апатты байқап қалған машинист шұғыл тежегішті іске қосқанымен, қақтығыстан құтыла алмаған. Жолаушылар пойызындағы 15 вагонның үшеуіне зақым келген, бірақ пойызда отырған 494 адамның ешқайсысы зардап шекпеген» дейді Журавлев.

Оқиға болған жерге төтенше жағдайлар қызметі, прокуратура, ішкі істер органдарының өкілдері барған. Жолаушылар пойызы Петропавл вокзалына қайтарылып, сағат 18.15-те қайтадан жолға шыққан.

Бұл оқиғаға байланысты арнайы комиссия құрылып, тергеу орындары оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.

Петропавл маңында темір жолдағы апат туралы YouTube сайтында шыққан видео

XS
SM
MD
LG