Accessibility links

Украина Голодомор құрбандарын еске алды


Голодомор құрбандарын еске алу рәсімінде шырақ жағып тұрған қыз бала. Киев, 22 қараша 2014 жыл.

Голодомор құрбандарын еске алу рәсімінде шырақ жағып тұрған қыз бала. Киев, 22 қараша 2014 жыл.

Сенбі күні Украинада совет билігі кезіндегі Голодомор (ашаршылық) құрбандарын еске алу шаралары өтті.

Киевтегі азалы рәсімде сөйлеген Украина президенті Петр Порошенко «еуропалық жолды» таңдаған өз елінде енді ешқашан геноцид қайталанбайды деп уәде етті. Оның сөзінше, егер сұрапыл жылдары Украина тәуелсіздігіне қол жеткізген демократиялық ел болғанда Голодомор қасіретіне жол берілмеген болар еді.

Украина президенті ел азаматтарын бірлікке шақырып, украиндықтардың мықты күшке айналғанын және украин халқын бөліп-жарғысы келетіндерге тойтарыс беруге дайын екендігін айтты.

Негізгі шаралар «Украинадағы ашаршылық құрбандарын еске алу мемориалы» ұлттық музейінде өтті. Жергілікті уақыт бойынша сағат 16-да президент жалпыұлттық бір минут үнсіздік жариялап, бүкіл ел ашаршылық құрбандарын еске алды.

краинадағы ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш басындағы азалы митинг пен гүл қою рәсімі өтіп, құрбандарды бір минут үнсіздікпен еске алады. Осы шарамен бірге жалпыұлттық дәстүрлі акция – «Еске алу шырағы» жағылады. Бұл күні әр үйде шырақ жағып, ашаршылық құрбандарын еске алады. Украина шіркеулерінің дінбасылары құрбандарға дұға бағыштады. Украина баспасөз құралдары бұл күні жалпыұлттық дәстүрлі «Еске алу шырағын» жағу акциясын шетелдерде тұратын украиндар да өткізгенін хабарлады.

Украина тарихшыларының көпшілігі елде 1930 жылдары жаппай болған ашаршылықты әдейі жүргізілген сталиндік саясаттың салдары деп біледі. Түрлі есептер бойынша, Голодомор кезінде төрт миллионнан он миллионға дейін адам аштан қырылған.

2006 жылы Украина Жоғарғы Радасы Голодомор қасіретін украин халқына қарсы жүргізілген геноцид деп таныған.

XS
SM
MD
LG