Accessibility links

Ислам Каримов Қазақстанға келді


Өзбекстан президенті Ислам Каримов.

Өзбекстан президенті Ислам Каримов.

Өзбекстан президенті Ислам Каримов ресми сапармен Қазақстанға келді. Каримов бүгін Ақордада Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездеседі.

"ҚазАқпараттың" хабарлауынша, келіссөздерде Назарбаев пен Каримов екі елдің саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және басқа да салалардағы ынтымақтастығын ары қарай дамыту мәселелерін талқылап, аймақтық және халықаралық мәселелер бойынша пікір алмасады.

Каримовтің сапарының қарсаңында, қарашаның 24-і күні Қазақстанға Чехия президенті Милош Земан келген еді.

Ислам Каримовтың биыл ақпан айында Чехияға жоспарлаған сапары кейінге қалдырылған. Ол Прагаға 20-22 ақпан күндері барады деген хабардан соң 30-ға жуық құқық қорғау ұйымдары наразылық танытып, Чехия президенті Милош Земанға "Каримовты шақырма" деп ашық хат жазған еді. Ал Земан жауабында құқық қорғау ұйымдарын "жалған ақпарат" беріп, "екіжүзділік танытты" деп айыптаған.

Азаттық бұған дейін Ақорданың баспасөз қызметінен Қазақстанға араға бір күн салып келетін "Земан мен Каримов кездесуі мүмкін бе?" деп сұраған еді. Ақорда "Земан мен Каримовтың Астанада екеуара кездесу жоспары бар-жоғын білмейміз. Бірақ Назарбаев, Земан, Каримов үшеуінің біріккен кездесуі жоспарда жоқ" деген.

Өзбекстан президенті Ислам Каримов 2005 жылғы Әндіжан оқиғасынан кейін ЕО елдеріне екі-ақ рет – 2011 жылы Брюссельге, 2013 жылы Ауғанстаннан әскер шығару туралы келіссөз өткенде Латвияға барды. Соңғы сапарында онымен кездесуге сол кездегі Еуропа комиссиясы төрағасы Жозе Мануэль Баррозу мен НАТО басшысы Андерс Фог Расмуссен ғана келіскен.

XS
SM
MD
LG