Accessibility links

Тунисте президент сайлауының екінші кезеңі өтеді


Тунисте президент сайлауының алғашқы кезеңіндегі дауыстарды санау кезі. 24 қараша 2014 жыл.
Тунисте президент сайлауының алғашқы кезеңіндегі дауыстарды санау кезі. 24 қараша 2014 жыл.

Тунисте қарашаның 23-інде өткен президент сайлауының алғашқы кезеңінің ресми қорытындысы шықты. Онда президенттікке кандидаттардың ешқайсысы жеңіске жетуге қажетті 50 пайыздан аса дауыс жинай алмағаны айтылған.

Ресми есеп бойынша, сайлаудағы басты екі бәсекелес – зайырлы «Нидаа Тунис» партиясының өкілі Бежи аид Эссебиге дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың 39 пайызы қолдау білдірген, ал қазіргі президенттің міндетін атқарушы Монсеф Марзуки 33 пайыз дауыс алған. Бұл екеуі енді желтоқсанда өтетін президент сайлауының екінші кезеңіне қатысады.

2011 жылы Тунисте халық жаппай наразылыққа шығып, елді 24 жыл бойы басқарған президент Зейн әл-Әбидин Бен Әлиді биліктен кетірген еді. Содан бері бұл елде еркін президент сайлауы бірінші рет өтіп отыр.

Бұрын Зейн әл-Әбидин Бен Әлидің үкіметі құрамында болған 87 жастағы Эссебидің партиясы өткен айдағы сайлауда парламентте көпшілік орынды иеленген. Құқық қорғаушы, 69 жастағы Марзуки бұрын Бен Әли билігі кезінде қуғында болған.

Исламшыл «Эннахда» партиясы бұл сайлауда президенттікке кандидатын ұсынған жоқ және бір де бір кандидатты да қолдамады.

XS
SM
MD
LG