Accessibility links

Билік талабымен ADAM bol журналына сот басталды


ADAM bol журналының бас редакторы Гүлжан Ерғалиева (сол жақта) мен заңгер Сергей Уткин. Алматы, 28 қараша 2014 жыл.

ADAM bol журналының бас редакторы Гүлжан Ерғалиева (сол жақта) мен заңгер Сергей Уткин. Алматы, 28 қараша 2014 жыл.

Бүгін Алматының Медеу аудандық сотында қалалық ішкі саясат басқармасының оппозициялық ADAM bol журналы үстінен берген шағымына қатысты алдын ала сот тыңдауы өтті деп хабарлайды Азаттық тілшісі. Басқарма Алматыда басылатын журналды «соғысты насихаттады» деп айыптайды. Басқарма төрағасының міндетін атқарушы Айдар Есенбеков соттан журналдың қызметін тоқтатып, оны тіркеуге алу туралы куәлігінің күшін жоюды сұрайды. Бірақ журнал өкілдері айыптаумен келіспейді.

Істі Медеу аудандық сотының судьясы Әсел Әбішева қарап жатыр. Қарашаның 20-сы күні осы судья билік орнының сұрағанын қанағаттандырып, ADAM bol журналын шығаруды және таратуды тоқтата тұру жайлы қаулы шығарған. Сол күні басылым редакциясына мөр басылып, журналдың кезекті тиражы тәркіленген.

ADAM bol журналының өкілдері заңгер Сергей Уткин мен белсенді Ермек Нарымбаев бүгін соттан қарашаның 20-сындағы шешімін жоюды немесе шағымды қабылдау үшін басқа шара қолдануды, мысалы, басылым мүлкін қамауға алуды сұраған. Бірақ шағым беруші жақ өкілі де, прокурор Асқар Қожанбеков те бұған қарсы болды. Судья шағымды қабылдау туралы қаулысын күшінде қалдырды.

Билік тамыздың 28-і күні Adam bol журналында жарияланған Киевте тұратын қазақ саяси эмигранты, журналда «Майдан» ұлтаралық лигасының тең төрағасы ретінде аталған Айдос Садықовтың телефон арқылы берген сұхбатында «соғысты насихаттау белгілері бар» дейді.

Журналға қатысты шағымды қарау желтоқсанның 5-іне белгіленді.

Бұған дейін Еуропадағы ынтымақтастық және қауіпсіздік ұйымының сөз бостандығын қорғау жөніндегі өкілі Дуня Миятович ADAM bol журналын жабу Қазақстандағы сөз бостандығына қауіп төндіреді деп мәлімдеген еді. ЕҚЫҰ өкілі басылымды қуғындау Қазақстандағы плюрализмге нұқсан келтіріп, БАҚ өкілдерінде үрей тудырады деген.

Журналға қатысты шағымды қарау желтоқсанның 5-іне белгіленді.

ADAM bol ісі бойынша алдын ала сот тыңдауынан видео:

XS
SM
MD
LG