Accessibility links

Киевте былтырғы «Еуромайдан» шеруін еске алды


Украина астанасындағы Тәуелсіздік алаңында (Майдан) 2013 жылы қарашаның 30-ы күні полиция жасағы ұрып-соғып күшпен таратқан «Еуромайдан» студенттер шеруіне арналған «Еске алу түні» шарасы өтті.

Алаңға жиналған бірнеше мың адамның арасында жастар көп болды. «Украинская правда» басылымының хабарлауынша, олар былтырғы наразылық кезіндегідей, алаңға бірнеше кеспек қойып, ішіне от жаққан.

Киев Майданында түні бойы жалғасқан шаралар жұртшылыққа танымал белсенділер, саясаткерлер мен журналистер, сонымен бірге, Канада, Литва және Еуропа Одағының Украинадағы елшілері қатысқан.

Алау ұстаған ондаған адам Украина ішкі істер министрлігіне дейін барып, былтыр Майданда болған оқиғаларға қатысты тергеу жүргізуді талап еткен. Белсенділердің кейбіреуі былтырғы оқиғада студенттердің соққыға жығылғанын еске салу мақсатындабастарына қызыл түске боялған дәке байлап алған.

Жексенбі күні таңертең 200-ге жуық адам бір жыл бұрын полиция ұрып-соғып алаңнан қуған студенттерді паналатқан Михайлов шіркеуіне барған. Таңертеңгі сағат жетіде шіркеуде басталған құлшылықта Украинаның гүлденуін тілеген, ол жерге ел президенті Петр Порошенко зайыбымен келген.

УНИАН агенттігінің хабарлауынша, Еуропа Одағының кеңею ісі жөніндегі бұрынғы комиссары Штефан Фюле алаңда жиналғандарға skype арқылы жеткізген сөзінде Майдандағы оқиғаны жауапкершілікті ұмытқан биліктің менменшілдігіне қарсы наразылық болды деп мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG