Accessibility links

Молдова парламент сайлап жатыр


Кишиневтегі сайлау алды үгіт-насихат материалдарын ілуге арналған тақталардың бірі. Молдова, 30 қараша 2014 жыл.
Кишиневтегі сайлау алды үгіт-насихат материалдарын ілуге арналған тақталардың бірі. Молдова, 30 қараша 2014 жыл.

Молдова азаматтары бүгін ел парламентін сайлауға дауыс беріп жатыр. Сарапшылар бұл жолғы сайлауды Еуропа Одағымен интеграцияны қалайтын саяси күштер мен ресейшіл партиялар арасындағы бәсеке ретінде сипаттайды.

Молдовада 3,2 миллион азамат дауыс беру құқығына ие. Олар ел парламентіне 101 депутатты төрт жыл мерзімге сайлауы тиіс. Тепе-тең жүйе бойынша өткізілетін дауыс беру барысында сайлаушылар сайлау бюллетеніндегі 19 партия, бір саяси блок және төрт тәуелсіз кандидат арасынан өз таңдауын жасауы тиіс.

Қоғамдық пікірге жүргізілген сауалнама нәтижелері бойныша, сайлаушылар еуропалық бағытты ұстанатын партияларға дауыс беруге ниетті. Бейсенбі күні елдің апелляциялық палатасы ресейшіл Patria («Отан») партиясын сайлау тізімінен алып тастады. Бұл партияны «шетелден заңсыз қаржыландырылған» деп айыптады.

Бүгінгі дауыс беру барысын үш мыңнан аса бақылаушылар қадағалап отыр. Олардың арасында Еуропадағы ынтымақтастық және қауіпсіздік ұйымы (ЕҚЫҰ), Еуропа Одағы (ЕО) мен Тәуелсіз мемлекеттер достастығы (ТМД) өкілдері бар. Молдова заңына сәйкес, егер барлық сайлаушылардың кемінде үштен бірі қатысқан жағдайда сайлау өткізілген болып саналады.

Еуропадағы кедей елдердің бірі саналатын Молдованы 2009 жылдан бері еуропашыл билік коалициясы басқарып отыр. Биыл маусымның 27-і күні Молдова мен ЕО арасында ассоциация туралы келісімге қол қойылған. Сәуір айында Молдова азаматтары Шенген аймағы елдеріне визасыз барып келу мүмкіндігіне ие болды. Сонымен бірге, елді жайлаған жемқорлық Молдова билігі үшін басты проблемалардың біріне айналып отыр.

XS
SM
MD
LG