Accessibility links

TI: Қазақстан жемқорлық индексінде 126-орында


Transparency İnternational ұйымының сыбайлас жемқорлық көрсеткіші бойынша жариялаған есебінен скриншот. 3 желтоқсан 2014 жыл.

Transparency İnternational ұйымының сыбайлас жемқорлық көрсеткіші бойынша жариялаған есебінен скриншот. 3 желтоқсан 2014 жыл.

Transparency International (TI) халықаралық ұйымы бүгін әлем елдеріндегі коррупция деңгейі жайлы 2014 жылға арналған есебін жариялады.

Өткен жылы бұл көрсеткіш бойынша 140-орында болған Қазақстан биыл 126-орынды иеленген.

Ұйым биылғы есебінде бұрынғы совет республикалары елдерінің көпшілігінде коррупция деңгейі әлі жоғары деңгейде екенін айтқан. Мемлекеттік органдардағы коррупция жөніндегі сарапшылардың пікірлеріне сүйеніп жасаған есепте Балтық бойы елдерінен өзге постсоветтік мемлекеттердің барлығы 50-ден төменгі орындарда орналасқан. Тізімде Грузия - 50-орында, Армения - 94-орында, Қазақстан мен Әзербайжан - 126 орында, Қырғызстан мен Ресей - 136-орында, Украина - 142-орында, Тәжікстан - 152-орында, Өзбекстан -166-орында, Түркіменстан - 169-орында тұр.

Грузия өткен жылы тізімде 55-орында, Қырғызстан 150-орында болған.

Биылғы тізімнің басында жемқорлық деңгейі аз Дания, Жаңа Зеландия, Финляндия, Швеция және Норвегия тұр.

Transparency International зерттеу нәтижелері жоғары шенді мемлекеттік шенеуніктердің қызметін теріс пайдаланып, мемлекет қаржысын жеке басына жұмсауынан экономикалық өсім баяулап, коррупция тамыр жая беретінін көрсеткенін айтады. Ұйым осыған байланысты Еуропа Одағы мен АҚШ-тағы жетекші қаржы институттарын қарқынды дамушы елдердегі коррупциямен күреске көмектесуге шақырады.

XS
SM
MD
LG