Accessibility links

Бірнеше депутат Adam bol журналын қолдады


Adam bol журналының Айдос Садықовпен сұхбатты жариялаған номерінің мұқабасы. 28 тамыз 2014 жыл.

Adam bol журналының Айдос Садықовпен сұхбатты жариялаған номерінің мұқабасы. 28 тамыз 2014 жыл.

Қазақстан парламенті мәжілісінің төрт депутаты бас прокурор Асхат Дауылбаевтың атына хат жазып, Adam bol журналының қызметі тоқтатылып, таралуына тыйым салынуына байланысты жағдайды "шынайы түрде қарастыруды" сұрады.

Депутаттар Азат Перуашев, Айгүл Соловьева, Айқын Қоңыров пен Жамбыл Ахметбековтің қолы қойылған хат бүгін интернетте жарияланды. Хатта депутаттар бас прокурорды "қазіргі заңнамалардың бұзылғаны анықталған жағдайда заңсыз сот актісіне қарсылық білдіру үшін прокуратура тарапынан бір шара қабылдауды" сұрайды.

Депутаттардың пікірінше, сот шешімі Қазақстан заңдарының талаптарын өрескел бұзған, ал Adam bol журналын жабуға ілік болған "Наши на чужой войне" атты мақала Айдос Садықовтың азаматтық пікірі емес.

"Бірақ қазір Украинада болып жатқан оқиғалар белгісіз себептермен өкілетті органдар тарапынан "соғыс" деген атауға ие болған. Ал мақаланың өзі "соғысты насихаттайды" деп танылған. Қазақстан Украинадағы жағдайға қатысты бұған дейін "соғыс" деп емес, "мемлекеттің өз ішіндегі дағдарыс" деп танитыны туралы ресми ұстанымын білдірген" делінеді хатта.

Қарашаның 20-сында Алматының Медеу аудандық соты қалалық ішкі саясат басқармасының шағымы бойынша Adam bol журналының таралуына, оның ішінде электронды түрде басылуына тыйым салып, қызметін тоқтатқан. Билік журналдың Киевте тұратын қазақстандық саяси эмигрант Айдос Садықовтан алған сұхбатында "соғысты насихаттағаны туралы белгілер бар" деп санайды.

XS
SM
MD
LG