Accessibility links

Березовкада оқушылар тағы талып қалды


Батыс Қазақстан облысындағы Березовка ауылының тұрғындары улануға байланысты өздерін басқа жаққа көшіруді сұраған үндеуге қол қойып жатыр. 29 қараша 2014 жыл.
Батыс Қазақстан облысындағы Березовка ауылының тұрғындары улануға байланысты өздерін басқа жаққа көшіруді сұраған үндеуге қол қойып жатыр. 29 қараша 2014 жыл.

Батыс Қазақстан облысы Бөрілі ауданы Березовка ауылында бүгін бірнеше мектеп оқушысы талып қалып, ауылдық амбулаторияға жеткізілді деп хабарлайды Азаттық тілшісі. Талып қалған оқушылардың екеуін көлікпен Ақсай қалалық ауруханасына әкеткен.

Азаттық тілшісі ауылдық амбулаторияға жас шамасы 11-13-тердегі бес оқушыны әкелгенін көрді. Олардың үшеуіне медициналық көмек көрсетті, бірақ ауруханаға жатқызбады. Балаларға медициналық көмек көрсетіп жатқан амбулатория дәрігерлері оқиғаға қатысты түсінік бермеді.

Мұнай кен орнына жақын орналасқан ауылдағы оқушылардың талып құлауы бірінші рет болып отырған жоқ. Қарашаның 28-інде ауылдағы мектепте бір күнде 20-дан астам оқушы талып құлаған. Оқушылар мен мұғалімдерді қоса алғанда 31 адам бастары айналып, денелері тырысып, ауруханаға жеткізілген.

Дәрігерлердің соңғы болжамдары бойынша, оқушылардың талуына газ баллонынан газ шашу немесе зорығу себеп болуы мүмкін. Бірақ жергілікті тұрғындар Қарашығанақ кенішінен күкіртті сутек қалдықтарының төгілгенін айтады.

Желтоқсанның 3-інде облыс прокуроры Серік Қараманов Оралда өткен брифингте Березовка ауылында қарашаның соңында оқушылардың улануының алдында Қарашығанақ кенішінен күкіртті сутек қалдықтары шығарылғанын айтқан.

XS
SM
MD
LG