Accessibility links

Донбасста атыстан үш бейбіт тұрғын мерт болды


Донецк әуежайы маңындағы Пески елді мекенінде жүрген украин әскері. 4 желтоқсан 2014 жыл.
Донецк әуежайы маңындағы Пески елді мекенінде жүрген украин әскері. 4 желтоқсан 2014 жыл.

Украина билігі Донбасста бір тәулік ішінде арнайы операция барысында үш бейбіт тұрғын қаза тауып, үшеуі жараланғанын хабарлады.

Арнайы операция баспасөз орталығының Facebook-тегі парақшасында хабарлауынша,ресейшіл сепаратистер Луганск, Донецк, Дебальцево және Мариуполь қалаларындағы украин әскерилері бекінген жерлерді 55 рет атқылаған. Мариуполь түбіндегі Чермалик селосын атқылау кезінде үш бейбіт тұрғын қаза тапқан.

Сепаратистер Донецк әуежайын атқылауды тоқтатпай отыр. УНИАН агенттігінің хабарына қарағанда, желтоқсанның 4-інде сепаратистер Пески елді мекені мен әуежайдың ескі терминалын атқылаған. Әуежайды қорғап тұрған украин әскері ескі терминал кәдімгідей зақымданғандықтан оны тастап кетуге мәжбүр болған. Украин әскері жауап ретінде сепаратистерді 31 рет атқылаған.

Әуежайды қорғаушылар арасында қаза тапқандар бар, жаралылар да біршама. Бірақ олардың нақты саны әзірге белгісіз.

БҰҰ-ның соңғы дерегі бойынша, Украинаның шығысындағы қақтығыстан 4300-ге тарта адам мерт болған. 10 мыңдай адам жараланған.

XS
SM
MD
LG