Accessibility links

Сирия: Израиль әуеден соққы берді


Дамаскіге жасалған әуе шабуылы. Сирия, 7 желтоқсан 2014 жыл.
Дамаскіге жасалған әуе шабуылы. Сирия, 7 желтоқсан 2014 жыл.

Сирия билігінің мәлімдеуінше, Израиль Дамаскінің үкімет күштерінің бақылауындағы аудандарға, оның ішінде халықаралық әуежайға жақын аумаққа әуеден соққы берген.

Мемлекеттік телеарнадан таратылған ақпаратта желтоқсанның 7-сі күні жасалған шабуылда Димас ауданы мен Дамаскінің халықаралық әуежайы нысанаға алынғаны айтылады. Соққыдан зақым келген нысандар болғанымен, зардап шеккен ешкім жоқ.

Сирия билігі Тель-Авивті талай мәрте президент Башар Асад режиміне қарсы күресетін көтерілісшілерге көмек береді деп айыптаған.

Syrian Observatory for Human Rights құқық қорғау ұйымының дерегі бойынша, Димас әскери маңызы бар аудан саналады. Ал Дамаск әуежайы әскери әрі азаматтық мақсатта пайдаланылады.

Сирияда 2011 жылы қақтығыс басталғалы бері Израиль Сирия армиясына қарсы бірнеше рет соққы берген. Израиль негізінен соққыны Ливандағы "Хезболла" ұйымына тиесілі әскери нысандарды нысанаға алатынын айтады.

Израиль Сирияға соңғы рет биыл наурызда соққы берген.

XS
SM
MD
LG