Accessibility links

Полицейлерден азаптағаны үшін 100 миллион теңге талап етеді


БҰҰ комитетінде өзін полицей азаптағанын дәлелдеген Расим Байрамов. Сурет жеке қордан алынды.
БҰҰ комитетінде өзін полицей азаптағанын дәлелдеген Расим Байрамов. Сурет жеке қордан алынды.

Қостанай облысы тұрғыны Расим Байрамов азаптаудың моральдық өтеуі ретінде облыстық полициядан 100 миллион теңге талап етеді.

Оның пайдасына БҰҰ комитеті шешім шығарғанына қарамастан, ол жергілікті билікке шынымен азаптауға ұшырағанын тағы дәлелдеуге мәжбүр.

БҰҰ-ға дейін жеткен аты шулы іс Қостанай қалалық сотында қарала бастады. Рудный қаласы тұрғыны, бұрынғы тұтқын Расим Байрамов жасамаған қылмысты мойындату үшін полицейлердің азаптауына ұшырағанын мамыр айында БҰҰ комитетінде дәлелдеп шыққан.

БҰҰ-ның Женевадағы кеңсесі кінәлілерді жазалап, тартқан азабы үшін жәбірленушіге тиісті өтемақы төлеу мен оны оңалту шараларын ұйымдастыруды міндеттеген шешімін Астанаға жолдаған.

БҰҰ-ға шағымдануға көмектескен Қазақстандағы адам құқығы бюросының Қостанай облыстық филиалы жетекшісі Анастасия Миллердің Азаттық тілшісіне айтуынша, моральдық өтемақыны өндіру үшін сотқа жүгінуден басқа амалы табылмаған.

Қазақстандағы адам құқығы бюросының Қостанай облыстық филиалының жетекшісі Анастасия Миллер. Алматы, 2 желтоқсан 2014 жыл.
Қазақстандағы адам құқығы бюросының Қостанай облыстық филиалының жетекшісі Анастасия Миллер. Алматы, 2 желтоқсан 2014 жыл.

- Жалпы, бұл жағдайда мемлекеттің өзі талап-арыз беруі, мысалы прокуратура Байрамовтың адвокатына сауал жолдауы тиіс еді. Прокурорға мұндай өкілеттілік берілетіні заң жүзінде бекітілген. Еуропалық сот нақты сома тағайындап, ал БҰҰ-ның адам құқығы комитеті мемлекетке өтемақы төлеу қажеттігін ескертіп отыр емес пе, - дейді Анастасия Миллер.

Оның айтуынша, Қостанай облысы прокуратурасы биылғы жылдың шілдесінде «азаптау» бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған.

Расим Байрамовтың сергелдеңі 2008 жылдың шілдесінде, яғни оны екі полицей ұстап әкетіп, Рудный қалалық ішкі істер бөлімінде әкеліп, ұрып-соға бастаған сәттен басталған. Оны тиісті тіркеусіз, адвокатпен хабарластырмай әрі медициналық көмек көрсетпей екі жарым тәулік ішкі істер бөлімінде ұстаған.

Байрамовтың жасамаған қылмысын мойындауын талап еткен. Бірақ ол «қылмысын» мойындамай, тиісті түсінік бермеген соң полицейлер басынан қалың папкамен ұрып, дәлізде шашынан сүйреген, бүйрегінен ұрған, "зорлаймыз" деп қорқытқан. Ақыры сот Байрамовтың мүлкін тәркілеп, өзін бес жылға соттап тынды.

Расим Байрамов ББҰ-да дәлелденген азаптау үшін моральдық өтемақыны өндіруге қатысты өтіп жатқан сот барысы туралы Азаттыққа комментарий бергісі келмеді. Үш жыл бұрын түрмеден босап шыққан соң ол өз өмірін оңдауға тырысып жүр.

Полицейлермен жолығудан қашып телефон нөмірлерін ауыстыруға тура келген. Байрамов «полицейлер жаңа бір қылмысты тексерсе болды, мені полиция бөлімшесіне шақырып, әлі күнге дейін тыныштық бермейді» дейді.

Азаттық тілшісіне Байрамовтың ісі бойынша Қостанай облысы ІІД-нен комментарий алудың сәті түспеді. Департаменттің баспасөз қызметі жазбаша жолданған сауалға ғана жауап беретінін мәлімдеді.

Жергілікті БАҚ-тың жазуынша, моральдық өтемақыны өндіру ісі қаралған алғашқы күні ІІД өкілдері талап-арызды мойындамай, Байрамовтың талап-арызын қанағаттандырудан барлық бап бойынша бас тартуды сұраған. Келесі сот отырысы желтоқсанның 10-ына белгіленген.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG