Accessibility links

Арон Атабекке түрмеде балдақ берілді


Саяси тұтқын, диссидент Арон Атабек.

Саяси тұтқын, диссидент Арон Атабек.

Саяси тұтқын, ақын Арон Атабекке түрмеде балдақ берілді деп хабарлады бүгін Азаттыққа "Ар.Рух.Хақ" қоғамдық ұйымының жетекшісі Бақытжан Төреғожина. Бұл жайында Арон Атабектің өзі қарашаның 24-інде жазған хатында айтады. Төреғожина Арон Атабектің хатының көшірмесін Азаттыққа берді.

- Арон Атабекке осыдан жарты жыл бұрын оппозицияшыл саясаткер Әміржан Қосанов салып жіберген балдақ енді берілді. Ол Әміржан Қосановқа алғыс айтып жатыр, - деді Төреғожина.

Бақытжан Төреғожина Арон Атабекке балдақ қарашаның 17-18-інде Женевада БҰҰ-ның азаптау жөніндегі комитетінде Қазақстанның азаптаумен күрес жөніндегі есебі тыңдалғаннан кейін берілгенін айтады. Сол есеп беру кезінде қазақстандық делегацияға туыстары мен құқық қорғаушылар "түрмедегі жағдайы ауыр" деп сипаттаған Арон Атабекке қатысты сұрақтар да қойылған.

Комитет қарашаның соңында Қазақстан алдағы төрт жылда атқаруға міндетті ұсыныстарын білдірген. Онда Арон Атабектің жағдайы да айтылған.

Желтоқсанның 12-сінде Астана қалалық сотында Арон Атабектің адвокаттары - Жанар Балғабаева мен Бақытжан Төреғожинаның Астананың Алматы аудандық Атабектің Қылмыстық атқару жүйесі комитетіне (ҚАЖК) жолдаған шағымын қараудан бас тартқанына берген шағымы қаралады.

ҚАЖК бұған дейін Атабек диспансерлік есепке алынғанын және үнемі дәрігерлердіңң бақылауында екенін мәлімдеген. Туыстары мен құқық қорғаушылардың Атабекке балдақ беру туралы өтініштеріне ҚАЖК "Атабек балдақты қажет етпейді" деген.

61 жастағы ақын, әрі диссидент Арон Атабек «2006 жылдың шілдесінде Алматыдағы Шаңырақ кентінде болған оқиғаларды ұйымдастырды» деген айыппен 18 жылға сотталған. Полиция мен Шаңырақ тұрғындарының қақтығысы кезінде бір полицей қаза тапқан еді.

Қазақстандық құқық қорғаушылар Арон Атабекті саяси тұтқын деп санайды. 2010 жылы ақын әрі диссидент Арон Атабек халықаралық "Шығармашылық еркіндігі" сыйлығына лайық деп танылған. Ол - оппозицияның 2007 жылғы «Азаттық» сыйлығының лауреаты.

XS
SM
MD
LG