Accessibility links

Қазақстан түрмелерінде 42 мың адам жазасын өтеп жатыр


Астанада өтіп жатқан түрмедегі жұмыспен қамтуға қатысты форум. Астана, 12 желтоқсан 2014 жыл.

Астанада өтіп жатқан түрмедегі жұмыспен қамтуға қатысты форум. Астана, 12 желтоқсан 2014 жыл.

Қазақстан түрмелерінде 42 мың адам жазасын өтеп жатыр. Бұл туралы бас прокурор орынбасары Жақып Асанов Астанада өтіп жатқан «Түрмедегі жұмыспен қамту» тақырыбындағы форумда айтты.

Оның айтуынша, түрмеде отырған осынша тұтқынның 26,5 мыңы – еңбекке қабілетті. Бұл тұтқында отырғандардың 62 пайызын құрайды. Алайда ақы төленетін жұмыспен қамтылғандар мөлшері 49 пайызды ғана шамалайды.

Форумда сөйлеген мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіхалықова 1990 жылдары Қазақстан түрмелерінде 140 мың сотталушы болғанын, қылмыстық істерді ізгілендіру жұмыстары нәтижесінде бұл көрсеткіш азайғанын айтқан.

Бас прокуратура ғимаратында өтіп жатқан форумға бас прокуратура, ішкі істер министрлігі, Penal Reform International халықаралық ұйымы, Ұлыбритания Қазақстандағы елшілігі мен ЕҚЫҰ-ның Астанадағы орталығының өкілдері қатысып отыр.

Жиында пенитенциарлық жүйені одан әрі ізгілендіру, сотталғандардың құқықтарының бұзылуына жол бермеу, отбасылық байланыстар мен құндылықтарды сақтау, сотталғандарды әлеуметтік ортаға бейімдеу мәселелері қаралған.

Кеше Астанада қылмыстық атқару жүйесі комитетінің басшылығы брифинг өткізіп, түрмелерде жаңа жұмыс орындарын ашуға жеке кәсіпкерлер мен бизнес субъектілері тартылатынын, жаңа түрмелерді салуға шетелдік компаниялар да кірісетінін хабарлаған.

Қазақстандық және халықаралық құқық қорғаушылар Қазақстанды бірнеше жылдан бері "түрме мен қамау орындарында тұтқындарға дұрыс жағдай жасамай отыр" деп сынап келеді.

XS
SM
MD
LG