Accessibility links

Сот Арон Атабектің шағымын қараудан тағы бас тартты


Саяси тұтқын, диссидент Арон Атабек.

Саяси тұтқын, диссидент Арон Атабек.

Астана қалалық соты бүгін түрмедегі диссидент Арон Атабектің өзінің түрмедегі жағдайын жақсарту және Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің (ҚАЖК) өзінің өтініштерін орындамауына орай берген шағымын қабылдамай тастады.

Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожинаның Азаттыққа хабарлауынша, сот Арон Атабектің түрмедегі жағдайын жақсарту туралы арыз-шағымын қанағаттандырудан осымен үшінші рет бас тартып отыр.

Алғашында Атабектің шағымын оның өкілдері Есіл аудандық сотына тапсырған. Бірақ сот ҚАЖК қаланың басқа ауданына көшіп кеткенін айтып, шағымды қабылдамаған. Бұдан соң Атабектің шағымы Астананың Алматы аудандық сотына жолданған. Қарашаның 3-і күні судья Рахметова шағымда келтірілген сұрақтар азаматтық сот өндірісінде қаралуға және шешіліге жатпайды деп шағымды қабылдаудан бас тартқан. Сот Атабекке прокуратура органдарына шағымдануға кеңес берген.

Соттардың шағымын қараудан бас тартуына берген апелляциялық шағымын бүгін қалалық сот судьясы Мергенова кері қайтарды.

61 жастағы ақын, әрі диссидент Арон Атабек «2006 жылдың шілдесінде Алматыдағы Шаңырақ кентінде болған оқиғаларды ұйымдастырды» деген айыппен 18 жылға сотталған. Полиция мен Шаңырақ тұрғындарының қақтығысы кезінде бір полицей қаза тапқан еді.

Қазақстандық құқық қорғаушылар Арон Атабекті саяси тұтқын деп санайды. 2010 жылы ақын әрі диссидент Арон Атабек халықаралық "Шығармашылық еркіндігі" сыйлығына лайық деп танылған. Ол - оппозицияның 2007 жылғы «Азаттық» сыйлығының лауреаты.

Арон Атабек бұған дейін түрмедегі жағдайын "азапты" деп атап, оны жақсартуды сұрап бірнеше рет шағымданған.

XS
SM
MD
LG