Accessibility links

Березовканы көшіру тексеруден соң қаралады


Дәрігерлер уланған баланы ауруханаға алып барады. Березовка ауылы, Батыс Қазақстан облысы, 4 желтоқсан 2014 жыл.

Дәрігерлер уланған баланы ауруханаға алып барады. Березовка ауылы, Батыс Қазақстан облысы, 4 желтоқсан 2014 жыл.

Бүгін Батыс Қазақстан облысының Березовка ауылына барған премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев ауыл тұрғындарын көшіру мәселесі арнайы комиссияның тексеру қорытындысынан кейін ғана қаралатынын мәлімдеді. Ауыл тұрғындары бұған дейін биліктен өздерін көшіруді талап еткен.

Бердібек Сапарбаев тұрғындармен кездесуінде Қарашығанақ кенішіне жақын маңда орналасқан ауылдағы тұрғындардың жаппай уланып құлау жағдайын тексеріп жатқан арнайы комиссия жұмысы 2015 жылы қаңтардың 20-сында аяқталатынын айтты. Вице-премьер Березовка тұрғындарын сабырлық сақтап, комиссия қорытындысын күтуге шақырды.

Қарашаның 29-ына қараған түні облыстың Бөрілі ауданындағы Березовка ауылында 25 оқушы мен жасөспірім ауруханаға түскен. Олардың барлығының бастары ауырып, қан қысымдары көтеріліп я төмендеп, денелері құрысқан, кейбіреуі естен танып құлаған. Желтоқсанның 3-4-і күндері аудандық ауруханаға тағы 13 бала түскен.

Кеше Березовка ауылынан Орал қаласындағы ауруханаға тағы сегіз бала жеткізілген. Облыстық прокуратура Березовка тұрғындары алғаш уланған күннен бір күн бұрын Қарашығанақ мұнай-газ кенішінен сыртқа апатты жағдайда күкіртті сутек төгілгенін хабарлаған.

  • 16x9 Image

    Санат ОРЫН ӘЛИ

    Санат 2014 жылы қарашада Азаттықтың Батыс Қазақстандағы тілшісі ретінде қызметке кірісті. 2005 жылы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Қызмет жолын "Уральская газета" басылымында бастаған. 2006-2014 жылдары Алматы мен Астанадағы түрлі БАҚ-тарда жарияланып тұрған.

XS
SM
MD
LG