Accessibility links

Әсем Кенжебаеваның мәйіті туған ауылына жеткізілді


Базарбай Кенжебаевтың қызы Әсем Кенжебаеваның ұлы Әнуармен түскен суреті. Маңғыстау облысы, Қызылсай ауылы, 14 ақпан 2012 жыл.
Базарбай Кенжебаевтың қызы Әсем Кенжебаеваның ұлы Әнуармен түскен суреті. Маңғыстау облысы, Қызылсай ауылы, 14 ақпан 2012 жыл.

Алматыда көз жұмған Әсем Кенжебаеваның мәйіті желтоқсанның 15-іне қараған түні ұшақпен Ақтауға, одан ары көлікпен Жаңаөзен қаласы арқылы таңертең туған ауылы - Қызылсайға жеткізілді деп хабарлады Азаттыққа оның күйеуі, 27 жастағы Қызылсай ауылының тұрғыны Амандық Төлеев.

Медициналық қорытынды бойынша, Әсем Кенжебаева желтоқсанның 13-інде өкпе ауруынан және миы ісіп қайтыс болған.

Марқұм Қызылсай ауылында жерленбек. Амандық Төлеев Әсем Кенжебаеваның денесін жер қойнына тапсыру желтоқсанның 16-сына белгіленуі мүмкін екенін айтады.

Әсем Кенжебаева 2011 жылдың желтоқсанында мәскеулік «Новая газеті» басылымының тілшісі Елена Костюченкоға әкесі Базарбай Кенжебаевтың Жаңаөзен қаласындағы тергеу абақтысындағы азаптаудан алған ауыр жарақатынан қайтыс болғанын айтқан әрі қазасынан екі күн бұрын әкесін журналистке көрсеткен. Осыдан соң оның әкесінің қайғылы қазасы халықаралық құқық қорғау ұйымдарына белгілі болған. Жаңаөзенде 2011 жылы желтоқсанның 16-сы күні шеруге шыққан жұртқа полиция оқ атқан еді.

Әсем Кенжебаеваның өзі де әкесінің өлімін әділ тексеруді және оған кінәлі адамдарды жазалауды талап етіп, танылған. Жаңаөзен ісі бойынша өткен сотта Әсем Кенжебаева куәгер ретінде жауап берген.

Әсем Кенжебаеваның өзі 2011 жылдың 16 желтоқсанында сол күні жоғалған әкесін іздеп шығып, уақытша қамау абақтысына түсіп азапқа ұшырағанына шағымданған. Кейін Азаттық тілшісіне берген сұхбатында ол сол кезде жеген соққысынан бүйректері ауыратынын, бірақ соған қарамастан сол уақытта Кенжебаевтар отбасының асыраушысы бір өзі болып қалғандықтан жұмыс істеп жатқанын айтқан.

2012 жылы Әсем Кенжебаева отбасы әкесінің азаптаудан кұз жұмғанына тиісті түрде өтемақы төленбегеніне шағымданып, үйінің мұқтаждықтан арыла алмай отырғанын айтқан.

201 жылы Әсем Кенжебаеваның анасы Тілектес Кематбаева да ауыр науқастан қайтыс болған. Әсемнің артында бес жасар ұлы қалды.

XS
SM
MD
LG