Accessibility links

Прокуратура: "Жиһадшы балалардың" кім екені анықталды


Интернетте жарияланған, радикалдық "Ислам мемлекеті" ұйымы түсірген "Қазақстаннан шыққан жиһадшы балалар" туралы видеодан скриншот.
Интернетте жарияланған, радикалдық "Ислам мемлекеті" ұйымы түсірген "Қазақстаннан шыққан жиһадшы балалар" туралы видеодан скриншот.

Қазақстан бас прокурорының орынбасары Андрей Кравченко "Жиһадшы қазақ балалар" жайлы роликке түскен балалардың кім екенін анықталды" деп хабарлады. Бұл жайында ол прокуратура өткізіп жатқан экстремизм және терроризммен күрес жөніндегі халықаралық конференцияда айтқан.

Ұлыбританияның Daily Mail басылымы қарашаның 22-сі күні "Ислам мемлекеті» ультра-радикалдық тобы әлеуметтік желілерде таратты" деп, қазақша сөйлейтін кәмелетке толмаған жас балалардың "Сирияда түскен" видеосын жариялаған. Роликте Калашников автоматын жылдам құрастырып, нысана көздеген әскери форма киген бала қазақ тілінде сөйлейді. Бас прокуратура ролик мазмұнында "терроризмді ақтап, насихаттау белгілері бар" деп мәлімдеп, видеоны бұғаттаған еді.

"Біз бұл роликке кім түскенін білеміз. Арнайы қызмет пен құқық қорғау органдары мұндай материалдармен мұқият жұмыс істеп жатыр. Біз әрине, мұндай материалдардың таралмауы үшін оларға интернетте тосқауыл қою шараларын жасаймыз" деген Кравченко. Ол бұған қоса роликтегі балалардың қақтығыс аймағына түрлі жолдармен, оның ішінде негізінен "ата-аналарымен бірге барғанын" айтты. Кравченконың сөзінше, Қазақстан билігі балаларды қайтарып алу әрекеттерін жасап жатыр.

Бас прокурордың орынбасары БАҚ өкілдеріне "Ислам мемлекеті" ұйымы түсірген және соған ұқсас басқа да роликтер терроризмді насихаттау мақсатында даярланатынын ескертті.

XS
SM
MD
LG