Accessibility links

ЕҚЫҰ: Өзбекстан сайлауында шынайы бәсеке болмады


ЕҚЫҰ-ның Өзбекстандағы парламент сайлауына бақылау жасаған тобының басшысы Даан Эвертс.

ЕҚЫҰ-ның Өзбекстандағы парламент сайлауына бақылау жасаған тобының басшысы Даан Эвертс.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) бақылаушылары Өзбекстанда өткен парламенттің төменгі палатасы депутаттарын сайлауда "шынайы бәсеке болмады" деп мәлімдеді.

Желтоқсанның 22-сінде таратқан сайлау туралы баяндамасында ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі комитеті жіберген өкілеті шектеулі бақылаушылар тобының басшысы Даан Эвертс еркін әрі әділ сайлау өткізуде азаматтардың пікірін еркін білдіру және бірігіп көзқарасын білдіру құқығы болуы шешуші рөл атқаратынын айтады.

Даан Эвертс желтоқсанның 21-інде өткен сайлауды "аса сауатты түрде ұйымдастырылған, бірақ онда шынайы сайлауалды бәсеке мен талас болған жоқ" деп бағалады. Ол сайлаушылар өз пікірін еркін білдіруі үшін "жан-жақты әрі кешенді шаралар жасалуы қажет" дейді.

Сайлауға түскен, Ислам Каримовты қолдайтын төрт саяси партия төменгі палатадағы 150 депутаттық орынның 135-ін иелену үшін бәсекеге түскен. Қалған 15 орын ешқандай сайлаусыз үкіметшіл экологиялық қозғалыс өкілдеріне беріледі.

Сайлаудың алғашқы қорытындылары бойынша, парламенттегі 47 орынды - Өзбекстан либералдық-демократиялық партиясы, 28 орынды - "Миллий тикланиш" ("Ұлттық жаңғыру") демократиялық партиясы, 21 орынды - Өзбекстан халықтық-демократиялық партиясы, 17 орынды "Адолет" ("Әділет") социал-демократ партиясы иеленген.

Сайлауды 300-ден астам шет мемлекеттер және халықаралық ұйымдар өкілдері бақылаған.

Өзбекстандық және халықаралық құқық қорғаушылар елді Совет одағы кезеңінен бері басқарып келе жатқан Ислам Каримовтың билігін адам құқықтарының ахуалы нашар және өзгеше ойлайтындарды қудалайды деп айыптайды.

Өзбекстан оппозициясы сайлауға байкот жариялаған.

XS
SM
MD
LG