Accessibility links

Қырғызстан ЕАЭО-ға мүшелік қарсаңында


Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев. (Көрнекі сурет)
Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев. (Көрнекі сурет)

Қырғызстанның ЕАЭО-ға кіру туралы келісім-шарты №1 ұшақпен Мәскеуге кетті. Қырғыз жұртшылығын құжат мәтінімен таныстырмады.

Желтоқсанның 22-сі күні Қырғызстан үкіметі мен парламенттің екі комитеті Қырғыз Республикасының Еуразия экономикалық одағына (ЕАЭО) кіру туралы келісім-шартын мақұлдады.

Премьер Жоомарт Оторбаевтың төрағалық етуімен өткен үкімет отырысында Қырғыз Республикасының ЕАЭО-ға кіру келісім-шарты жобасы талқыланды. Үкімет басшысы келісім-шарт жобасында Қырғызстан мүдделері ескерілгенін және Қырғызстанның ЕАЭО-ға кіру стандарттары қарастырылғанын айтты.

Үкіметтің баспасөз қызметі: «Бұдан кейін ҚР экономика министрі Темір Сариев елдің Еуразия экономикалық одағына кіру келісім-шарты жобасы тармақтарын толық баяндап берді. Темір Сариевтің хабарлауынша, Қырғыз Республикасының ЕАЭО-ға кіру туралы келісім-шарт жобасы Қырғызстанның Кеден одағы пен Еуразия экономикалық одағына қосылу жөніндегі екі жол картасы талаптарын орындау нәтижесі негізінде құрылған» деп хабарлайды.

Министрдің айтуынша, Қырғызстанның ЕАЭО-ға қосылу мәселесіне қатысты көп жұмыс істелген, әсіресе заң жобалары мен өзге де нормативті-құқықтық актілерді әзірлеу мен құрастыру барысында көп пысықтауға тура келген. Ол ЕАЭО одаққа мүше мемлекеттердің капиталы, тауарлары, қызметтері мен еңбек ресурстарының еркін айналымын қамтамасыз етуді көздейтінін айтты. Темір Сариев «Алғашқы кезеңде Ресей, Беларусь және Қазақстан Кеден одағын құрды. Содан кейін Бірыңғай экономикалық кеңістік құрылды, ал 2014 жылдың 29 мамырында үш мемлекет 2015 жылдың 1 қаңтарында күшіне енетін ЕАЭО туралы келісімге қол қойды. ЕАЭО-ға мүше әр ел белгілі бір өтпелі кезеңнен өтті. Қырғызстанға ЕАЭО-ға бірден қосылу мүмкіндігі мен өтпелі кезең беріледі. Жол картасы аясында алған бүкіл міндеттемелерімізді әзірлеуіміз керек» деді.

Қырғызстан премьер-министрі Жоомарт Оторбаев (сол жақта) ресейлік әріптесі Дмитрий Медведевпен кездесіп отыр. 1 желтоқсан 2014 жыл.
Қырғызстан премьер-министрі Жоомарт Оторбаев (сол жақта) ресейлік әріптесі Дмитрий Медведевпен кездесіп отыр. 1 желтоқсан 2014 жыл.

Ал Жоомарт Оторбаев келісім-шарттың біраз тұстарына байланысты келіспеушіліктер болғанын айтты. Үкімет басшысы: «Бірақ олардың көбі бойынша ортақ мәмілеге келдік. Біз өзіміздің ұлттық мүдделерімізді қорғаймыз» деп мәлімдеді.

Үкімет отырысы қорытындысы бойынша Қырғыз Республикасының ЕАЭО-ға кіру келісім-шарты жобасын Жоғарку Кенеш (Қырғызстан парламенті) комитеттері талқылауына жолдау туралы шешім қабылданды.

Парламенттің халықаралық істер жөніндегі комитеті талқылауды ұзаққа созбады. Бүгін өткен кезектен тыс отырысында депутаттар келісім-шарт жобасын мақұлдау туралы шешім қабылдады. Бірақ парламент баспасөз қызметінің хабарлауынша, олар әуелі құжатты талқылаудан бас тартқан. Өйткені үкімет тиісті процедураларды орындамаған, яғни комитет мүшелері құжатпен танысып шығуы үшін депутаттарға сыртқы істер, әділет және қаржы министрліктері ұйғарымдарын отырыс өтерден үш күн бұрын таратпаған.

Бірақ бұл келісім-шарттың ел үшін маңыздылығын ескерген қырғыз депутаттары жобамен танысып, сарапшы-кеңесшілерімен талқылады. Ақыры, болжанғандай комитет мүшелері құжатты қолдады.

Келісім-шарт жобасын парламенттің экономикалық және фискалдық саясат жөніндегі комитеттері де шапшаң қарап үлгерді.

Сонымен үкімет пен парламент бір күн ішінде қарап, талқылап, және мақұлдап үлгерген келісім-шартты ел президенті «жаңа» күйінде Мәскеуге әкетті.

Қырғызстан базарлары, сауда және қызмет көрсету саласы кәсіпорындары қауымдастығы президенті Сергей Пономаревтің пікірінше, үкімет шенеуніктері емтиханға тапсыратын сәт тақалғанда дайындалатын студенттік әдеттен әлі арыла алмай келеді.

Құдды өрт сөндірушілер командасы сияқты үкімет те шешімді соңғы минутта қабылдайды.

– Ол жақта жоғары білімі бар адамдар отыр. Бәрі студент болған, емтиханға дәл сынақ тапсыратын күні дайындалатын әдеттері әлі қалған. Бізде ата-аналар да балаларын желтоқсанның 30-31-і күндері киіндіріп, сауда орындарында қарбалас тудырып жатады. Құдды өрт сөндірушілер командасы сияқты үкімет те шешімді соңғы минутта қабылдайды. Олар көбінесе жоспар, концепция құрастырумен және әр салада бір тұтанып жатқан өртті сөндірумен әлек. Өздері күнделікті қарбаластық қажытты дейді. Қарасаң, таңғы 8-ден кешкі 8-ге дейін қарбалас жұмыс істеп жататын сияқты. Кейде сенбі, тіпті жексенбі күндері де жұмыста өтеді. Бәріне тайм-менеджменттен сабақ өткізу керек сияқты, – дейді ол.

Сергей Пономарев: «Құжаттың асығыс-үсігіс әзірленгенін құптамаймын. Қағазда бәрі жазылған. Одаққа кіру туралы мына келісім-шартқа қол қойылғаннан кейін тағы бір бума құжаттар қабылданып, талқыланып, мақұлдануы тиіс. Президент қол қойғаннан кейін келісім-шартты парламент ратификациялауы тиіс екенін ұмытпау керек. Шамалап алғанда, ЕАЭО-ға 9-мамырға қарай кіріп қалармыз» дейді.

Ал бұрынғы экономика министрі Эмиль Үметалиев өзгеше пікір айтады.

– Маңызды тұстар әу бастан ескерілмеді, тіпті ешқашан ескерілген емес десе де болады. Мына асығыстықтың себебін саяси немесе дипломатиялық мақсатпен ғана түсіндіруге болады. Қазір нашар екі шешімнің кесірі аз тиетіндей бірін таңдап отырғанымыз ешкімге жасырын емес, әрі мұны саясаткерлердің өздері де мойындайды. Демек, одаққа мәжбүрлеу арқылы қосылып отырмыз. Соңғы күндері Ресей экономикасында болып жатқан жағдайларды ескерсек, мына қарбаластық пен асығыстық – жасанды әрі уақытша, – дейді ол.

Бірақ Қырғызстанның Еуразия экономикалық одағына қосылу туралы келісім-шарт жобасы №1 ұшақ бортында Мәскеуге ұшып кетті. Қырғыз қоғамын құжат мәтінімен таныстырмады. Қол қойған соң таныстыратын болар.

Азаттықтың Қырғыз қызметінің мақаласы.

XS
SM
MD
LG