Accessibility links

Украина ІІМ: Харьковтегі жарылыс - теракт


Украина ішкі істер министрінің кеңесшісі Антон Геращенко.
Украина ішкі істер министрінің кеңесшісі Антон Геращенко.

Харьков қаласының орталығында желтоқсанның 25-іне қараған түні жарылыс болды. Алдын-ала мәліметтерге қарағанда, жарылыстан зардап шеккендер жоқ. Жарылыс қуатынан үйдің екі терезесі сынып, ғимараттың бір қабырғасы зақымданған.

Украина ішкі істер министрінің кеңесшісі Антон Геращенко жарылыс теракті деп бағаланатынын мәлімдеді. Facebook-тегі парақшасында Геращенко жарылыс Харьковтегі "Громадьска Варта" ұйымының мүшесі Вячеслав Дудеге тиісті жиһаз дүкенінің жанында болғанын хабарлаған. Вячеслав Дуде Донбасстағы ресейшіл сепаратистерге қарсы операцияға қатысқан украин әскерилеріне көмектесіп жүрген ерікті болатын.

Харьковте мұндай жарылыс бірінші рет болып отырған жоқ. Қарашаның 9-ында "Азов" батальонына көмек жиналып жатқан "Стена" рок-клубында да жарылыс болып, 8 адам зардап шеккен. Қарашаның 20-сында жаралы украин сарбаздары емделіп жатқан әскери госпиталь маңында да жарылыс болған. Қарашаның 22-сінде белгісіз біреулер теміржол цистернасын жарып жіберген. Қарашаның 25-інде әскери бөлімде де жарылыс болды. Ал желтоқсанның 9-ына қараған түні Молодежный саябағында тұрған Украин көтерілісшілер армиясы сарбаздарына қойылған мемориалда жарылыс болған.

Киевте Украина парламенті орналасқан Грущевский көшесінде кеше кешке белгісіз адам халық депутаттарының аяғы астына жарылғыш зат лақтырған. Депутаттар арасында Жоғарғы Рада төрағасының орынбасары Андрей Парубий де болған. Оқиғадан депутаттардың зардап шеккені хабарланған жоқ.

Жарылыстан соң белгісіз адам қашып кеткен. Өзін қуып келе жатқан милиционерлерге ол қашып келе жатып тағы да граната лақтырған. Бір милиционер жараланып, "бұзақылық" айыбы бойынша іс қозғалған.

Андрей Парубий "Еуромайданның" коменданты және "Майданның өзін-өзі қорғау" отрядының жетекшісі болған.

XS
SM
MD
LG