Accessibility links

Украинада тараптар тұтқын алмасты


Украина армиясының тұтқынға түскен сарбаздарының босатылған сәті. Донецк, 12 қыркүйек 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Украина армиясының тұтқынға түскен сарбаздарының босатылған сәті. Донецк, 12 қыркүйек 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

26 желтоқсан күні Украинаның шығысында қақтығысушы тараптар тұтқын алмасты.

УНН агенттігінің хабарлауынша, 222 сепаратист Украина әскерінің тұтқынға түскен 150 сарбазына айырбасталған. Украина жауынгерлерін өзін өзі жариялаған Донец және Луганск "халық республикалары" қарулы топтары қолға түсірген еді.

Мұның алдында Украина қауіпсіздік қызметі (СБУ) "тұтқындарды Рождество мерекесіне дейін босату үшін стандартты емес шаралар қолданылатынын" хабарлаған. Ол үшін құрамына СБУ басшысының орынбасары мен террорға қарсы операция басшысы Василий Грицак, тұтқындар алмасу бойынша ведомствоаралық орталық төрағасы Юрий Тандит және "Украина таңдауы" қоғамдық ұйымының жетекшісі Виктор Медведчук кірген жұмыс тобы құрылғаны айтылған болатын.

УНН мәліметіне қарағанда, Украина шығысындағы қақтығысты шешу үшін құрылған Минск тобының келесі отырысының мерзімі әзірге анықталмаған. Оның Жаңа жыл мерекесінен кейін өтуі де мүмкін.

Беларусь сыртқы істер министрлігі Минск тобының 26 желтоқсанға жоспарланған кеңесі шегерілгенін хабарлаған еді. Бұл топтың 24 желтоқсан күні өткен отырысында тұтқын алмасу мәселесі ғана шешілген.

УНН мәліметі бойынша, Минск тобының негізгі мақсаты - Ресей және ЕҚЫҰ араағайындығы аясында қақтығысушы тараптарының бейбіт келіссөзін өткізу.

XS
SM
MD
LG