Accessibility links

Қазанда Навальныйды қолдау пикеті өтті


Алексей Навальный.

Алексей Навальный.

Ресейдің Қазан қаласында (Татарстан астанасы) 27 желтоқсан күні билік айыптап отырған ағайынды Навальныйларды қолдаған және оларға қарсы екі пикет өтті. "Трибуна.Ру" ақпараттық порталының хабарлауынша, қолдаушылар пикетінде оппозиционерден барлық айыптарды алып тастауды талап еткен.

35 адам қатысқан қолдаушылар пикетінде белсенділер Алексей Навальныйға қысымды тоқтатуды талап етіп, осы жолда күреске шығатындарын мәлімдеген.

Навальный жақтастары плакаттардан бөлек, өздерінің дәстүрлі текшелерін алып шығып, оның әр қабырғасына "Ив Роше ісі" туралы, Алексей Навальныйдың күресі, оған қарсы қылмыстық іс шын мәнінде қандай себептермен қозғалғаны (жақтастары "істің саяси астары бар" деп санайды - ред.) туралы ақпараттар ілген.

Қолдаушылар жинынының жанында өткен Навальныйға қарсылар пикетінде оппозицияшыл саясаткер мен оның бауырын түрмеге отырғызуды талап еткен.

"Дождь" телеарнасының хабарлауынша, 15 қаңтар күні Мәскеудің Замоскворец соты "Ив Роше ісі" бойынша үкім шығаруы керек. Бұл іс бойынша ағайынды Алексей және Олег Навальныйлар "алаяқтық жасады" деп айыпталған.

Прокуратура Алексей Навальныйға ["Кировлес ісін" қоса алғанда] тоғыз жыл, ал бауырына сегіз жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұрап отыр.

Жақында Мәскеу прокуратурасының Навальный жақтастарына қолдау акциясын өткізбеу туралы ескерткені белгілі болды. Навальныйды қолдау акциясы Мәскеуде 28 желтоқсан өтетіні хабарланған еді.

XS
SM
MD
LG