Accessibility links

Испания соты Кетебаевты тұтқындауға үкім етті


Мұратбек Кетебаев.

Мұратбек Кетебаев.

Мадридтегі сот 28 желтоқсан күні қазақ саяси эмигранты Мұратбек Кетебаевты тұтқындауға үкім етті. Кетебаев - бұрынғы банкир оппозициялық тұлға Мұхтар Әблязовтың серігі.

Оны тұтқындауға шыққан үкім туралы Испаниядан оппозициялық журналист Ирина Петрушова және бауыры Бақытжан Кетебаев хабарлады.

Ирина Петрушова мен Бақытжан Кетебаевтың айтуынша, оларды сотқа кіргізбеген. Алайда сотта Мұратбек Кетебаевтың екі адвокаты болған.

Судья Мұратбек Кетебаевты кепілге босату туралы адвокаттар арызын қанағаттандырмаған. Кетебаев экстрадиция мәселесі сотта қаралғанға дейін қамауда болады. Ирина Петрушованың айтуынша, "қамау мерзімі қанша екені айтылмаған".

- Қазір, ең әуелі, Мұратбекке қажетті киімдерін беруіміз керек, тұтқындалған кезде ол ресми кездесуге лайық киіммен жүрген еді. Қант диабеті болғандықтан, дәрілерін де жеткізуіміз қажет, - дейді Ирина Петрушова.

Мұратбек Кетебаев сенбі, 27 желтоқсан күні Мадридте ұсталды. Ирина Петрушованың айтуынша, оны Интерпол сұрауы бойынша, «босқын мәртебесін берген Женева паспорты болғанына қарамастан» ұстаған. Бірақ оның айтуынша, Кетебаевты ұстаған кезде Интерпол арызы көрсетілмеген.

Ұсталмас бұрын, осы аптада, Мұратбек Кетебаев интернетке «кімнің тапсырма орындайтын, оппозицияны қаралаумен айналысатын журналистер тобына кіретіні» туралы өзінің есебін жариялаған еді.

Кетебаев Қазақстаннан Мұхтар Әблязов кеткеннен кейін, 2011 жылы шетелге шығып кеткен болатын. Бір жыл бұрын Кетебаев Польшадан босқын мәртебесін алды.

Бұрынғы банкир әрі саяси эмигрант Мұхтар Әблязов 2013 жылы Францияда ұсталды, қазір оны Ресейге экстрадициялау мәселесі қаралып жатыр.

Қазақстанда Мұратбек Кетебаевқа қарсы бірнеше қылмыстық іс қозғалған. Арасында 2011 жылы желтоқсанда болған Жаңаөзен оқиғасына қатысты және 2012 жылы Алматыда теракт ұйымдастыруды жоспарлады деген де айыптаулар бар.

XS
SM
MD
LG