Accessibility links

Калачиде тағы 4 адам ауруханаға түсті


Калачи ауылы маңындағы бұрынғы уран кеніші орны. Ақмола облысы, 7 қыркүйек 2014 жыл. (Көрнекі сурет).
Калачи ауылы маңындағы бұрынғы уран кеніші орны. Ақмола облысы, 7 қыркүйек 2014 жыл. (Көрнекі сурет).

Ақмола облысының Калачи ауылында "ұйқы дерті" белгісімен тағы төрт адам ауруханаға түсті деп хабарлайды бүгін "Қазақстан жаңалықтары" агенттігі.

Департаменттің ақпаратына қарағанда, Калачидің арасында бір зейнеткер бар төрт тұрғыны желтоқсанның 29-ында "ұйқы дерті" белгісімен Есіл аудандық ауруханасына түскен. Қазір науқастар дәрігерлердің бақылауына алынған.

Желтоқсанның 10-ынан бері бұл ауылда "ұйқы дерті" белгісімен ауруханаға түскендер саны осымен 23-ке жетті.

Бұған дейін, желтоқсанның 20-сы мен 27-сі аралығында "ұйқы дертімен" тағы 19 адам ауруханаға түскен болатын.

Калачи ауылында «ұйқы дертінің» алғашқы белгілері 2013 жылдың наурызында байқала бастаған. Тұрғындардың көпшілігі бастары айналып, ұйқы баса беретініне шағымданған. Бірнеше күннен соң белгісіз ауру белгілері жоғалып, шағымданушылар өздерін қалыпты сезіне бастаған.

2013 жылдың наурызынан бері елуден аса адам өздерінен «ұйқы ауруы» белгілері байқалғанын айтып, шағым жасаған.​

Өткен аптада Ақмола облысы әкімі Сергей Кулагин Калачи мен оған қатар орналасқан Красногорск ауылының тұрғындары 2015-2016 жылдар аралығында басқа жаққа толық көшірілетінін айтқан.

XS
SM
MD
LG