Accessibility links

Царнаевтың адвокаттары апелляцияға берді


Джохар Царнаев сотқа дейінгі тыңдауда отыр. Бостон, 18 желтоқсан 2014 жыл.
Джохар Царнаев сотқа дейінгі тыңдауда отыр. Бостон, 18 желтоқсан 2014 жыл.

Бостон марафонындағы 2013 жылғы жарылысты ұйымдастырды деп айыпталған Джохар Царнаевтың адвокаттары сот процесін кейінге қалдыруға және басқа штатқа ауыстыруға апелляциялық өтініш берді.

Бұған дейін федеральдық сот Царнаевтың адвокаттарының сотты Массачусетстен ауыстыру және оны тоғыз айға шегеру өтінішін де орындамаған еді.

Царнаевтың қорғаушылары теракт болған Бостон қаласында оған әділ сот болмайды деп есептейді. Оның сот отырысын алқа сот 5 қаңтарда бастауы керек.

Бостонда 2013 жылы сәуір айында марафонға қатысушылар мәреге жақындап қалғанда болған екі жарылыстан үш адам қаза тауып, 260-тан астам адам жараланған. Джохар Царнаев пен оның ағасы Тамерлан Царнаев марафон мәресіне жақын маңға бомба жасырды деп айыпталған. Жарылыстан соң Тамерлан Царнаев полициямен атыс кезінде қаза тапқан. Қолға түскен Джохар Царнаев өзіне тағылған айыптардың ешқайсысын мойындамай отыр.

Бостон жарылыстарына қатысты істе Джохар Царнаевпен дос болған Қазақстанның екі азаматы – бұрынғы студенттер Дияс Қадырбаев пен Азамат Тәжаяқовқа да "террорлық жарылыстарды тергеу ісіне кедергі жасады" деген айыптар тағылған.

XS
SM
MD
LG