Accessibility links

Астанада төрт ел сыртқы істер министрлері кездеседі


Франция сыртқы істер министрі Лоран Фабиус (солдан оңға қарай), Украина сыртқы істер министрі Павел Климкин, Германия сыртқы істер министрі Франк-Вальтер Штайнмайер және Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров. Берлин, 17 тамыз 2014 жыл.
Франция сыртқы істер министрі Лоран Фабиус (солдан оңға қарай), Украина сыртқы істер министрі Павел Климкин, Германия сыртқы істер министрі Франк-Вальтер Штайнмайер және Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров. Берлин, 17 тамыз 2014 жыл.

Украина сыртқы істер министрлігі саясат және коммуникация департаментінің басшысы Алексей Макеев Франция, Германия, Ресей және Украина сыртқы істер министрлері қаңтардың 9-ында Астанада кездеседі деп мәлімдеді. Бұл жайында Макеев Берлинде қаңтардың 5-інде өткен төрт ел сыртқы істер министрлігі өкілдерінің Шығыс Украинадағы жағдайды реттеу жөніндегі келіссөзінен кейін Twitter-де хабарлады.

Алексей Макеев бұған қоса Астанадағы миинстрлер кездесуінде "ортақ мәмілеге" қол қойылып қалуы мүмкін дейді.

Ол Украина телеарнасына берген сұхбатында Киевте Украина, Ресей, ЕҚЫҰ мен Донецк және Луганск "халық республикалары" өкілдерінің кездесуі де ұйымдастырылуы ықтимал екенін айтты. Бірақ ол қаңтардың 15-інде Астанада Германия, Франция, Ресей және Украина президенттерінің саммиті өтетін болды ма деген сұраққа қатысты ештеңе айтпаған.

Германия канцлерінің баспасөз хатшысы Штеффен Зайберт дүйсенбіде "Украинаға қатысты кездесулерді Минскіде жасалған бейбітшілік келісімінде айтылған шарттар орындалып, қақтығысты тоқтату туралы ұзақ мерзімді және берік бітім жасалған және ауыр әскери техниканы шығарған жағдайда ғана өткізуге болатынын" мәлімдеген. Зайберт "мұндай мәмілелер алдын-ала даярлануы тиіс" деген.

Франция президенті Франсуа Олланд жергілікті радиолардың бірінде кездесуден нәтиже шығатын болса ғана баратынын айтқан.

Астанада өтуі ықтимал кездесу жайын Берлиндегі Украина, Ресей, Франция мен Германия сыртқы істер министрлері талқылап, олар да нақты нәтиже шығатын болса ғана жүздесуді ұсынды.

Макеев телеарнаға мұндай шарттар сыртқы істер министрлерінің Астанадағы кездесуінде күн тәртібінде тұратынын айтқан.

15 қаңтарда Астанада Украина, Ресей, Франция және Германия президенттерінің кездесуі өтеді деп жоспарланған. Кездесу барысында Украинаның шығысындағы ресейшіл сепаратистермен арадағы қақтығысты реттеу жолдары талқылануы тиіс.

XS
SM
MD
LG