Accessibility links

АҚШ: Ауғанстаннан әскер шығару мерзімі өзгермейді


Ауғанстанда жүрген америкалық сарбаздар. Кабул, 5 қаңтар 2015 жыл.

Ауғанстанда жүрген америкалық сарбаздар. Кабул, 5 қаңтар 2015 жыл.

АҚШ әскерилері Ауғанстандағы америкалық әскер санын азайту мерзімі өзгермейтінін мәлімдеді. Пентагонның ресми өкілі, АҚШ армиясының полковнигі Стив Уоррен АҚШ-тың Ауғанстаннан әскерін шығару жоспары күшінде қалатынын және оған ешқандай өзгеріс жасалмайтынын айтты.

Қаңтардың 4-інде Ауғанстан президенті Ашраф Ғани "Талибан" шабуылы күшейе бастаған тұста "тараптар алға қойған мақсаттарына жетсе, онда әскер шығару мерзімін қайта қарауына болады" деген еді.

НАТО Ауғанстандағы миссиясын өткен айдың соңында аяқтап, әскерінің көбін шығарып әкеткен. Бұл елде тек ауған қауіпсіздік күштерін жаттықтыру миссиясымен 13 мың шетелдік әскери қалдырылған. Олардың көбі - 10800 адам - америкалық сарбаздар.

Уоррен биылғы жылдың соңына дейін АҚШ-тың Ауғанстандағы әскер санын 5 мыңға дейін азайтып, 2016 жылдың соңына дейін қалған әскерін әкету жоспары өзгермегенін айтты.

Сарапшылар АҚШ президенті Барак Обама түбінде Ауғанстаннан әскер шығару мерзімін қайта қарайды және ол шешімін Ашраф Ғанидің ұсынысына сүйеніп қабылдайды деген болжам айтады.

XS
SM
MD
LG