Accessibility links

Березовкада медициналық қорытынды шықты


Дәрігерлер жаппай уланған балаларды ауруханаға әкетіп барады. Березовка ауылы, Батыс Қазақстан облысы, 4 желтоқсан 2014 жыл.

Дәрігерлер жаппай уланған балаларды ауруханаға әкетіп барады. Березовка ауылы, Батыс Қазақстан облысы, 4 желтоқсан 2014 жыл.

"Батыс Қазақстан облысының жергілікті билігі тұрғындары жаппай улана бастаған Березовка ауылында жүргізілген медициналық тексерудің қорытындысын жариялады" деп хабарлайды Азаттық тілшісі.

Облыс әкімдігі таратқан қорытындыға қарағанда, өткен жылғы қараша айының соңынан бері жаппай улану оқиғалары болған Березовка тұрғындарының жартысынан көбі түрлі ауруларға шалдыққан.

Әкімдіктің ақпараты бойынша, ауылдағы 1 мың 300-ге тарта адамның 206-сы тыныс жолдары ауруларына шалдыққан және олардың көпшілігі - балалар. 146 тұрғынның қан айналымы жүйесі сырқатына шалдыққаны анықталған. 93 адам ас қорыту жүйесінің түрлі дертімен ауырады. Әрбір төртінші тұрғын түрлі созылмалы кеселдерден зардап шегеді.

Қарашаның 29-ына қараған түні Березовкада 25 бала мен жасөспірім басы айналып, дене қызуы көтеріліп, қан қысымы төмендеп талып құлаған. Бәрі ауруханаға түскен. Желтоқсанның 3-4-і күндері аудандық ауруханаға тағы 13 бала жеткізілді. Облыс әкімдігі дерегіне қарағанда, аудандық және облыстық ауруханаларға барлығы 91 адам жатқызылған.

Бұл оқиғалардан соң дәрігерлер тұрғындардың жаппай улану оқиғаларын тексере бастаған еді.

Облыс прокуратурасы қараша айындағы алғашқы жаппай улану оқиғасының алдында Березовкаға жақын Қарашығанақ мұнай-газ кенішінен күкіртті сутек қалдықтары жайылғанын хабарлаған.

Березовка тұрғындары бұған дейін өздерін ауылдан көшіру туралы талаптарын бірнеше рет білдірген еді.

XS
SM
MD
LG