Accessibility links

Парижде бірнеше адам ұсталды


Франция премьер-министрі Мануэль Вальс.

Франция премьер-министрі Мануэль Вальс.

Франция премьер-министрі Мануэль Вальс сатиралық Charlie Hobde журналына шабуыл жасады деген күдіктілерді қолға түсіру операциясында бірнеше адам ұсталып, олардан жауап алынғанын хабарлады.

France Press агенттігінің соттағы дереккөзіне сілтеме жасап хабарлауынша, полиция шабуыл жасады деген күдікке ілінген ағайынды екі адамды танитын бірнеше ер мен әйелден жауап алған.

Полиция 2008 жылы Ирактағы соғысқа содыр тартқаны үшін сотқа тартылған 32 жастағы Шериф Куачи мен 34 жастағы Саид Куачиді іздеп жатыр. Бұған дейін шабуылға күдікті үшінші адам - 18 жастағы Хамид Мурадтың полицияға берілгені хабарланған.

Мануэль Вальс арнайы қызмет ағайынды Куачилерді бұрыннан білетінін және олар шабуылға дейін арнайы қызмет назарында болғанын айтады.

Қаңтардың 7-сі күні Парижде Мұхаммед пайғамбардың карикатура суретін жариялаған журнал редакциясына қарулы үш адам шабуыл жасап, ол оқиғадан 12 адам қаза тапқан, 12 адам жараланған. Қаза тапқандар қатарында журналдың шеф редакторы Стефан Шарбонье, карикатурашылар Жан Кабу, Жорж Волынски және Бернар Верлак және екі полицей бар.

Франция бұл оқиғаны теракт деп бағалап, қаңтардың 8-ін аза тұту күні ретінде жариялаған.

XS
SM
MD
LG