Accessibility links

Куба сегіз саяси тұтқынды түрмеден босатты


Куба президенті Рауль Кастро (сол жақта) мен АҚШ президенті Барак Обама.
Куба президенті Рауль Кастро (сол жақта) мен АҚШ президенті Барак Обама.

Куба билігі таяуда АҚШ-пен жасалған уағдаластық бойынша босатуға уәде берген 53 саяси тұтқынның тағы сегізін түрмеден босатты.

Reuters агенттігінің хабарлауынша, соңғы екі күнде түрмеден осымен он бір саяси тұтқын босатылып отыр. Босатылғандардың көпшілігі Куба патриоттар одағы диссиденттік тобының мүшелері.

АҚШ пен Куба таяуда екі ел арасындағы қарым-қатынасты қалпына келтіруге келіскен. Келісімде диссиденттерді босатып, тұтқын алмасу, дипломатиялық байланысты қайта жандандыру қарастырылған.

АҚШ президенті Барак Обама желтоқсанның ортасында Вашингтон Кубаға қатысты "ондаған жылдар бойы АҚШ мүддесін таныта алмаған ескірген саясаттан бас тартатынын" мәлімдеген.

Куба президенті Рауль Кастро да Обамамен қатар жасаған мәлімдемесінде "Біз АҚШ-пен дипломатиялық байланысты қалпына келтіруге келістік" деген.

АҚШ пен Куба арасындағы байланыс 1959 жылы Кубада билікке Фидель Кастро келген революциядан кейін үзілген еді.

Болжам бойынша, дипломатиялық қарым-қатынасты қалпына келтіру мәселесі қаңтардың соңында АҚШ мемлекеттік хатшысының Латын Америкасы елдері бойынша көмекшісі Роберт Джейкобсонның Гаванаға сапарында талқыланбақ.

XS
SM
MD
LG