Accessibility links

Алматыда адамдар "Баянауыл" базарын сүргізбеді


Баянауыл базарының сүрілуіне қарсы жиналған адамдар. Алматы, 9 қаңтар 2015 жыл.
Баянауыл базарының сүрілуіне қарсы жиналған адамдар. Алматы, 9 қаңтар 2015 жыл.

Алматыдағы көлік қосалқы бөлшектерін сататын "Баянауыл" базарында саудагерлер базарды сүруге қарсылық танытты деп хабарлайды Азаттық тілшісі.

Бүгін, сот орындаушылары сот шешімі бойынша базарды сүруге барған. Бірақ жүздеген саудагер жиналып, базардың сүрілуіне қарсылық білдірген. Өзін Абдуллина деп қана таныстырған саудагердің айтуынша, бүгін ертерек өздерімен кездесуге Әуезов ауданы әкімі Бекқали Торғаев барған. Ол "Баянауыл" орналасқан жер мемлекеттің меншігі екенін және базарды сүру туралы сот шешімі барын айтқан. Әкімнің сөзінше, базар орнына мектеп пен балабақша салынбақ. Бірақ саудагерлер сауда орындарын қазір босатудан бас тартып, басқа жақтан орын табу үшін мұрсат беруді сұраған.

Абдуллинаның айтуынша, әуелде саудагерлерге қаңтардың 6-сында базар сүрілетіні ескертіліп, бір апта ішінде базарды босатуды сұраған. Ал бүгін сот орындаушылары саудагерлерге басқа жақтан орын табуға жеті күн мұрсат берген. Бірақ Азаттық тілшісі базарда жүргенде сот орындаушылар әкелген трактор базардың шетінен бұза бастаған. Бұдан соң саудагерлер трактордың алдына кесе-көлденең тұрып алып, бұзуға жол бермей қойған.

Сот орындаушылары Азаттық тілшісіне "мұрсат берілгеніне қарамастан базар неге бүгін сүріле бастады" деген сауалға жауап беруден бас тартты.

XS
SM
MD
LG