Accessibility links

Горбачев Еуропаға төнген соғыс қаупі туралы айтты


СССР-дің тұңғыш әрі соңғы президенті Михаил Горбачев.

СССР-дің тұңғыш әрі соңғы президенті Михаил Горбачев.

Бұрынғы СССР президенті Михаил Горбачев Украинадағы дағдарысқа байланысты Ресей мен еуропалық мемлекеттер арасындағы қатынастардың нашарлауы үлкен жанжалға, тіпті ядролық соғысқа апарып соғуы қаупі барын айтады.

«Бұл тұрғыдағы қақтығыс ядролық соғысқа ұрындырары сөзсіз» деген ол немістің Der Spiegel журналында сенбі күні жарияланған сұхбатында.

«Егер кернеуіне жетіп тұрған мұндай ахуалда тараптардың бірінің жүйкесі сыр берсе, жақын жылдары біз тірі қалмаймыз. Бұл жеңіл айтылған сөз емес. Мен өте алаңдап отырмын» деген 83 жастағы Горбачев.

2014 жылы наурызда Ресей Қырымды өзіне қосып алып, онан соң ресейшіл сепаратистер Украинаның шығысындағы аймақтарда «халық республикаларын» жариялауы Ресей мен батыс елдері арасындағы жағдайдың нашарлауына себеп болған еді. АҚШ, Еуропа Одағы мен НАТО Украинаның шығысындағы сепаратистерге қару-жарақ пен әскер жіберіп, қолдау көрсетіп отыр деп Ресейді айыптап, оған қарсы санкцялар енгізген.

Ресей Шығыс Украинадағы сепаратистерге әскери көмек бергені туралы айыптарды жоққа шығарып, Қырымға қатысты батыс тарапынан айтылған сынды қабылдамай отыр. Мәскеу Қырым тұрғындары Ресейге қосылуды референдум арқылы өз еркімен таңдаған дейді.

Совет заманында "Берлин қабырғасын" алып тастауға және екіге бөлінген Германияның 1990 жылы қайта бірігуіне ықпал еткен роліне байланысты Германияда үлкен беделге ие Горбачев Украинадағы дағдарысқа батыс елдері араласпауы керек дейді.

XS
SM
MD
LG