Accessibility links

Роухани Париждегі терактілерді айыптады


Иран президенті Хасан Роухани.

Иран президенті Хасан Роухани.

Иран президенті Хасан Роухани Париждегі терактілерді айыптап, исламның бейбіт дін екенін атап көрсеткен.

Роухани мәлімдемесінде «Біз Ливанда немесе Палестинада, Парижде я болмаса АҚШ-та жасалғанына қарамастан террордың кез келген түрін айыптаймыз» деген.

Иран президентінің сайтында бүгін жарияланған мәлімдемеде радикалдардың террорлық шаубылдары күллі әлемде өшпенділік пен исламофобияның өршуіне себеп болады деп жазылған.

Бұған дейін Тегеранда Иран журналистері ассоциациясының бұрынғы ғимараты жанында Францияда сатиралық журнал редакциясына жасалған террорлық шабуыл құрбандарын еске алу шарасын өткізбек болған ирандық журналистерге полиция бөгет жасаған еді. Ал Иран сыртқы істер министрлігі Париждегі терактілерді айыптағанымен, «бір жаратушыға сенетін (монотеизм) діндерге тіл тигізуді қабылдауға болмайды» деп мәлімдеген.

Қаңтардың 7-і күні Париждегі Charlie Hebdo сатиралық журнал редакциясына жасалған террорлық шабуыл салдарынан 12 адам мерт болған. Бұл шабуылға күдікті деп саналған ағайынды Саид және Шериф Куачилер жұма күні кешке Даммартен-ен-Гоэль қаласында арнайы операция кезіндегі атыста өлтірілген. Сол күні Париждің шығыс бөлігінде еврей тағамдары дүкенінде сегіз адамды кепілге алған Амеди Кулибали есімді қарулы ер адам мен ол кепілде ұстағандардың төртеуі полиция операциясы кезінде қаза болған.

XS
SM
MD
LG