Accessibility links

AI Испанияны Кетебаевты босатуға шақырды


Мұратбек Кетебаев.
Мұратбек Кетебаев.

Amnesty International халықаралық құқыққорғау ұйымы Испания билігін Мадрид түрмесінде отырған қазақстандық саяси эмигрант Мұратбек Кетебаевты дереу босатуға шақырды.

АІ сайтында қаңтардың 9-ы күні жарияланған хабарламада Кетебаев Қазақстанға экстрадицияланған жағдайда тұтқын ол елде азаптау мен әділетсіз сотқа тап болатыны айтылған. Қазақстанда тергеу кезінде тұтқындарды азаптап, қатыгездік таныту кең тарағандығын алға тартқан Amnesty International Кетебаевты қамаудан шығарумен шектелмей, оны экстрадициялауды сұраған Қазақстан билігінің өтінішін қанағаттандырудан бас тартуға, сонымен бірге, тағы бір қазақстандық азамат Александр Павловты да Қазақстанға бермеуге шақырған. Қазақстанның оппозициялық саясаткері, бұрынғы банкир Мұхтар Әблязовтың бұрынғы оққағары Павлов қазір Испанияда өзіне баспана беруді сұраған өтінішіне қандай шешім шығатынын күтіп отыр.

Әблязовтың серіктерінің бірі Мұратбек Кетебаев 2014 жылдың соңында Испанияда қамауға алынған. Оның адвокаттары Кетебаевты тұтқындау туралы сот шешіміне апелляциялық шағым түсірген. Қазақстаннан 2010 жылы кетіп қалған Кетебаевқа 2013 жылы желтоқсанда Польша саяси босқын мәртебесін берген.

Қазақстанда Мұратбек Кетебаевтың үстінен бірнеше қылмыстық іс қозғалған. Соның бірі – 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасына тиесілі, енді бірі – 2012 жылы «Алматыда теракті ұйымдастыруға қатысты» делінген айып. Кетебаев өзін Қазақстан билігі саяси мақсатта қуғындап отыр деп мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG