Accessibility links

Хорватияда алғаш рет әйел президент сайланды


Хорватияның жаңадан сайланған президенті Колинда Грабар-Китарович.

Хорватияның жаңадан сайланған президенті Колинда Грабар-Китарович.

Колинда Грабар-Китарович Хорватияның бірінші әйел президенті болып сайланды. Консерваторлар атынан түскен Грабар-Китарович қаңтардың 11-інде өткен сайлаудың екінші кезеңінде қазіргі президент Иво Йосиповичтен аз ғана басымдықпен, 21 мың дауыс артық жинап, жеңіске жетті.

Хорватияда президенттің өкілеті шектеулі болғанымен, сарапшылар бұл сайлау биыл жыл соңында өтетін парламент сайлауы қарсаңындағы сайлаушылардың көңіл-күйін көрсетеді деп санайды.

Грабар-Китаровичтің бес жыл мерзімге сайлануы оның "Хорват демократиялық достастығы" оңшыл партиясының биліктегі ықпалын күшейтуге септігін тигізбек.

Хорватия Еуропа Одағына (ЕО) 2013 жылы кірген. Бірақ Хорватия экономикалық қуаты жағынан ЕО-дағы ең әлсіз елдердің бірі. Бұл елде жұмыссыздық деңгейі 20 пайызға жуықтайды. Экономикалық өсім биыл 0,5 пайыз болады деп болжанған.

Хорватияның бұрынғы сыртқы істер министрі Грабар-Китарович 2011-2014 жылдары НАТО бас хатшысының көмекшісі болған.

XS
SM
MD
LG