Accessibility links

Парижде бір жарым миллион адам шеруге шықты


Париждегі бірлік шеруі
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:17 0:00

ВИДЕО: Париждегі шеру. 11 қаңтар 2015 жыл.

Жексенбіде Парижде болған шеруге бір жарым миллионнан астам адам шықты. Жұрт теракт құрбаны болған Charlie Hebdo журналистерін еске алды. Маршқа әлем елдерінің 40-қа жуық басшылары келді.

Акцияға үш "исламшыл" содыр жасаған шабуылдан қаза тапқан 17 адамның туыстары, террорлық шабуылдан соң содырлармен атыста қаза тапқан полицейдің жақындары келді. Ұйымдастырушылар мәліметіне қарағанда, шеруге шыққан жұрт қарасы бір жарым миллионнан асқан.

БІРЛІК МАРШЫ

Маршқа жиналғандар акцияны әуелі бір-бірінің қолынан ұстаудан бастады. Маршта Франция президенті Франсуа Олланд, Германия канцлері Ангела Меркель, Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмерон, Италия премьер-министрі Маттео Ренци, Израиль премьер-министрі Беньямин Нетаньяху, Палестина басшысы Махмуд Аббас, Украина президенті Петр Порошенко, Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров, Грузия премьер-министрі Ираклий Гарибашвили, АҚШ бас хатшысы Эрик Холдер, Иордания королі, Түркия премьер-министрі мен басқа да 40-қа жуық саясаткерлер болды.

Париждегі теракт құрбандарын еске алу шеруіне қатысқан саясаткерлер. 11 қаңтар 2015 жыл.
Париждегі теракт құрбандарын еске алу шеруіне қатысқан саясаткерлер. 11 қаңтар 2015 жыл.

Олардан бөлек, маршқа НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг, Еуропа кеңесінің төрағасы Дональд Туск, Еурокомиссия басшысы Жан-Клод Юнкер мен Еуропарламент төрағасы Мартин Шульц қатысты.

Марш басталар алдында жиылған жұрт марқұмдарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Associated Press мәліметіне қарағанда, шеру қауіпсіздігін қамтамасыз етуге 5 мың 500 полицей жұмылдырылған. Марш кезінде қауіпсіздікті үйлердің төбесінен снайперлер де бақылап тұрған. Шеру кезінде бұқара арасында жай киім киген детективтер де жүрген. Марш жүріп өтетін жерлердегі метро бекеттері түгел жабылып, Париждегі жерасты туннельдерінің барлығы дерлік тексерілген.

Франция президенті Франсуа Олланд "мұндай аса ауқымды шерудің өтуі Парижді әлем астанасына айналдырды" деп мәлімдеген. Осы елдің ішкі істер министрлігі "11 қаңтар күні бүкіл Франция бойынша (Парижден басқа қалаларды қоса алғанда) жалпы жиыны 3 миллион 700 мың адам шеруге шықты, бұл ел тарихында бұрын-соңды болмаған әлеуметтік қозғалыс болды" деген ақпарат таратты.

Франциядағы шерулерге осы елдегі бір ғана саяси ұйым - «Ұлттық майдан» әсіреоңшыл партиясы қатысқан жоқ. Олар Еуропаға мұсылман мигранттардың келуіне қарсы. Партия лидері Марин Ле Пен 10 қаңтар күні "шеруге қатыспайтынын, шараға қатысушылар оның шеруге келгенін қаламайтынын" мәлімдеген. Ле Пен маршты "көзбояушылық" деп атап, ұйымдастырушыларын "саяси ұпай жинауға ұмтылады" деп айыптады. Ол партиясының елдің оңтүстігіндегі Бокэр қаласында шеру өткізетінін хабарлады. Бұл қала тұрғындары Ле Пен партиясын мейлінше қолдап келе жатыр.

Шеруді балкондарынан қарап тұрған адамдар. Париж, 11 қаңтар 2015 жыл.
Шеруді балкондарынан қарап тұрған адамдар. Париж, 11 қаңтар 2015 жыл.

Жексенбіде Париждегі теракт құрбандарын еске алу акциялары әлемнің бірнеше еліндегі қалаларда - Лондонда, Мадридте, Каирде, Сиднейде, Токиода да өтті. Еуропа елдерінде өткен акцияларға ондаған мың адам қатысты. Кей жерде шерішулер Франция әнұраны - Марсельезаны айтқан. Кейбір адамдар Charlie Hebdo журналының қаза тапқан карикатурашыларын еске алып, қолдарына қарындаш ұстап шыққан.

Брюссельде өткен акцияға шамамен 20 мыңға тарта адам қатысты. Жиналғандар "Өшпенділікке бірге қарсы шығамыз" және "Сөз бостандығын қорғаймыз" деген плакаттар ұстап шықты. Берлиндегі акцияға - 9 мың, ал Стокгольмдегі шеруге 3 мыңдай адам қатысты. ​

Мадридте негізгі шеруден бөлек мұсылмандар акциясы да болды. 2004 жылы Испания тарихындағы ең қанды терактілер болған Аточа теміржол станциясында өткен шарада жүздеген мұсылмандар "ислам атынан жасалып жатқан зорлық-зомбылықты айыптайтындарын" мәлімдеді.

ШАБУЫЛ ЖАСАДЫ ДЕГЕН КҮДІКТІЛЕР

Париж бен оның шетіндегі террорлық әрекетті "ұйымдастырушыларға" қарсы полиция рейді 9 қаңтар күні аяқталды. Charlie Hebdo сатира журналы редакциясына 7 қаңтар күні жасалған шабуылдан 12 адам қаза тапты. Тергеу болжамы бойынша, "шабуыл жасаған" ағайынды Шериф және Саид Куашилер полициямен атыста қаза тапты.

Осы операция кезінде әйел полицейді өлтірген (8 қаңтар) Амеди Кулибали де оққа ұшты. Ол кепілге алған төрт азаматты өлтірген.

Теракт құрбандарының туыстары. Париж, 11 қаңтар 2015 жыл.
Теракт құрбандарының туыстары. Париж, 11 қаңтар 2015 жыл.

Франция қауіпсіздік органдары Кулибалидің қасында болған Хаят Бумедьенді есімді әйел адам әлі іздестіріп жатыр. Биліктің мәліметіне қарағанда ол қаруланып алған. Франция және Түркия арнайы қызмет өкілдері оны Түркияға келіп, ары қарай Сирияға өтіп кетті деп болжайды.

Осы аралықта интернетке Кулибалидің видеожазбасы шықты. Видеода ол "Ислам мемлекеті" (ИМ) террорлық ұйымына адал болуға ант берген. Видеода Кулибали ИМ туы жанында қарулы жаттығу жасап жүр. Ол Charlie Hebdo сатиралық журналына шабуыл жасау мен полицейлерге қарсылық көрсетудің дұрыс екенін айтады.

Кулибали видеоға әртүрлі киіммен түскен. Ол Charlie Hebdo журналына шабуыл "ертең жасалады" дейді. Кулибали француз тілінде таза, араб тілінде бұзып сөйлеген. Ол "бауырлардың барлық әрекеттерін жоспарлап қойғанын" айтқан. Сөйлеп болған соң ИМ-ге адал болатынын айтып, ант берген. Францияның террорға қарсы орталығы маманы видеодағы адамның Кулибали екені расталғанын хабарлады.

XS
SM
MD
LG