Accessibility links

Гүлжан Ерғалиева "президентпен серуенге" шықты


ADAM bol журналының редакторы Гүлжан Ерғалиева "президентпен серуен" акциясын өткізіп тұр. Алматы, 12 қаңтар 2015 жыл.

ADAM bol журналының редакторы Гүлжан Ерғалиева "президентпен серуен" акциясын өткізіп тұр. Алматы, 12 қаңтар 2015 жыл.

Сот шешімімен жабылған ADAM bol журналының редакторы Гүлжан Ерғалиева бүгін Алматыда "президентпен серуенге" шықты.

Журналист Алматының Жібек жолы көшесінің жаяу жүргіншілер бөлігінде қолына Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың портретін ұстап, жүз метрден астам жер жүрді. Ерғалиеваның айтуынша, ол акцияда биліктен ADAM bol журналы мен өзін және басылым қызметкерлерін қудалауды тоқтатуын талап етуді көздеген. Акцияға журналистің жиырма шақты жақтасы барған.

Ерғалиеваны қолдаушылар Назарбаевтың портретінің келесі бетіне қолдарын қойды. Акция аяқталған соң жиналғандар портретті жақын маңдағы почта бөлімшесінен бандерольмен Астанадағы президент резиденциясына жөнелтті.

Гүлжан Ерғалиеваның акциясын бірнеше полицей сырттай бақылап тұрды. Ешкім ұсталған жоқ.

Алматы соты былтыр желтоқсанның 24-і күні қала билігінің шағымы бойынша ADAM bol журналын жабу туралы шешім шығарған. Шағым берген қалалық ішкі саясат басқармасы журналда жарияланған мақалада "соғысты насихаттау белгілері бар" деген. Журнал өкілдері басылымды жабудың саяси астары бар деп санайды.

XS
SM
MD
LG