Accessibility links

Төрт ел басшысының Астанадағы кездесуі кейінге қалды


Еуропарламенттің сыртқы істер мәселелері комитетінің басшысы Эльмар Брок.
Еуропарламенттің сыртқы істер мәселелері комитетінің басшысы Эльмар Брок.

Қаңтардың 12-сі күні кешке Еуропарламенттің сыртқы істер мәселелері комитетінің басшысы Эльмар Брок төрт ел президенттерінің Шығыс Украинадағы дағдарысты реттеу жөнінде Астанада қаңтардың 15-іне жоспарлаған саммиті "бірнеше аптаға" кейінге ысырылғанын мәлімдеді.

Украина президенті Петр Порошенко өткен айда қаңтардың 15-інде Астанада Франция, Германия және Ресей президенттерімен кездесуді жоспарлап отырғанын мәлімдеген. Бірақ кейін Германия мен Франция басшылары кездесуді өткен жылы қыркүйекте Минскіде жасалған келісімнің талаптары орындалса ғана өткізуге болатынын білдірген.

Ал Германия, Франция, Украина және Ресей сыртқы істер министрлерінің қаңтардың 12-сінде Берлиндегі Украина дағдарысын реттеу жөніндегі келіссөзі нәтижесіз аяқталды. Министрлер кездесуі үш жарым сағатқа созылды.

Берлиндегі кездесу басталар алдында Германия сыртқы істер министрі Франк-Вальтер Штайнмайер келіссөзде "нақты бір алға ілгерілеушілік боларына" күмәнді екенін айтқан.

Өткен аптада Украина сыртқы істер министрлігі төрт ел министрлері алдағы кездесуде Минск бейбіт келісімі шарттарының орындалу жайттарын талқылайтынын мәлімдеген еді.

XS
SM
MD
LG