Accessibility links

Автобус атқыланған соң украиндарды маршқа шығуға шақырды


Донецк облысныың Волновах елді мекенінде атқыланған автобус. 13 қаңтар 2015 жыл.

Донецк облысныың Волновах елді мекенінде атқыланған автобус. 13 қаңтар 2015 жыл.

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Донецк түбіндегі Волновах елді мекенінде жолаушылар автобусының атқыланғанын айыптап, оқиғаны шынайы тексеруге және кінәлілерді жауапқа тартуға шақырды.

Ресей сыртқы істер министрлігі автобустың атқылануын Киев билігінен көріп, ЕҚЫҰ-ны бұл оқиғаны тексеруге шақырған. Бірақ АҚШ мемлекеттік департаменті бейбіт тұрғындар өлімін сепаратистерден көреді.

Қаңтардың 13-інде ішінде жолаушылары бар автоусқа артиллерия снаряды түскен. Соңғы деректер бойынша, оқиғадан 12 адам қаза тауып, 17 адам жараланған. Киев пен ресейшіл сепаратистер оқиғаға бір-бірін айыптайды.

Украина сыртқы істер министрлігі автобус сепаратистер бақылауындағы Докучаевск ауданынан атқыланды деп мәлімдеді. "Волновах аумағында украин әскерилерінің бекінісі жоқ. Демек, бейбіт тұрғындар саналы түрде нысанаға алынған" делінген мәлімдемеде.

Украина президенті Петр Порошенко бейбіт тұрғындардың қазасын сепаратистерден көріп, бүгін кезекті мобилизация жүргізу туралы жарлыққа қол қоятынын мәлімдеді. Ол Волновахтағы бейбіт тұрғындардың қазасын қаңтардың 7-сінде Парижде сатиралық Charlie Hebdo журналы редакциясына жасалған шабуылмен тең көрді.

Порошенко бұған қоса Донбасстағы қақтығысты бейбіт реттеуді жақтайтынын тағы да қайталаған.

Қаңтардың 18-і, жексенбі күні Киевтегі Незалежности алаңында автобустың атқылануынан бейбіт тұрғындардың қаза табуына көңіл білдірген бейбіт марш өткізу жоспарланып отыр. "Je suis Volnovakha" деп аталатын марштың хабарламасы Facebook-те жарияланды. Әлеуметтік желі қолданушылары Порошенконы маршқа қатысуға шақырды.

XS
SM
MD
LG