Accessibility links

Талдықорғанда "Таблиғи Жамағат" ұйымына қатысты үкім шықты


"Таблиғи Жамағат" ұйымына қатысты сотталғандардың бірі Айхан Құрманғалиев. Талдықорған, 14 қаңтар 2015 жыл.

"Таблиғи Жамағат" ұйымына қатысты сотталғандардың бірі Айхан Құрманғалиев. Талдықорған, 14 қаңтар 2015 жыл.

Талдықорған қалалық соты Қазақстанда тыйым салынған "Таблиғи Жамағат" ұйымына қатысты деп айыпталған бес адамды соттады деп хабарлайды Азаттық тілшісі.

Қаңтардың 14-і күні түнге қарай шыққан сот үкімі бойынша бір адам бір жарым жылға, қалған төртеуі бір жыл сегіз ай мерзімге бас бостандығынан айырылды.

Тергеу деректері бойынша, жергілікті бес тұрғын бірнеше рет Бангладештегі діни семинарияларға оқуға барған, жиі-жиі бас қосып, "экстремистік сипаттағы ұрандар" айтқан.

Айыптылардың үшеуі - Бақыт Нұрманбетов, Қайрат Есмұхамбетов пен Сағындық Татубаев өткен жылдың қыркүйек айында ұсталған. Тағы екеуі - Руслан Қайранов пен Айхан Құрманғалиев сотқа дейін ешқайда кетпеу туралы қолхатпен бостандықта жүрген.

Сотталғандардың адвокаттары мен туыстары үкім шыққаннан кейін іске қатысты түсінік беруден бас тартты.

2013 жылдың ақпан айында Астананың Сарыарқа аудандық соты халықаралық "Таблиғи Жамағат" ұйымын экстремистік деп танып, Қазақстан аумағында қызмет етуіне тыйым салған. Бұл ұйым қызметіне Ресей, Өзбекстан және Тәжікстанда тыйым салған.

XS
SM
MD
LG