Accessibility links

Азаттықтың ИМ туралы кезекті мақаласы ашылмай қалды


«Ислам мемлекеті» тобы «ФСБ тыңшысы» ретінде атқан екі адамның бірі Сергей Ашимов. (Видеодан көрініс)

«Ислам мемлекеті» тобы «ФСБ тыңшысы» ретінде атқан екі адамның бірі Сергей Ашимов. (Видеодан көрініс)

«Ислам мемлекеті» (ИМ) радикалдық тобы «ФСБ тыңшысы» ретінде атқаны туралы видеода көрсетіліп, есімдері аталған екі адамның бірі – Сергей Ашимовтің Қарағандыда тұрғаны жайлы жұма күні Азаттық сайты жариялаған қазақ және орыс тілдеріндегі мақалалар бүгін таңертеңнен Қазақстан аумағынан ашылмай тұр. Бұл туралы Азаттыққа кейбір оқырмандар хабарлады.

Бұған дейін «ФСБ тыңшылары» туралы видеодағы екеудің бірі Жанболат Мамаевтың Жамбыл облысында тұрғанын анықтаған Азаттық мақаласы да Қазақстаннан ашылмай қалған еді.

Қаңтардың 13-інде әлеуметтік желіде тараған ИМ видеосында қарулы ұл баланың өздерін «Ресей тыңшысымыз, Сирияда Ресей федералдық қауіпсіздік қызметі пайдасына жұмыс істедік» сипаттайтын екі адамды тапаншамен атқаны түсірілген. Видеоның басында тергеу кезінде «тыңшымыз» деп «мойындаған» екі адам өз аты-жөндерін айтады.

Бұған дейін Азаттық сайтында жарияланған «жиһадшы қазақ балалар» жайлы материалдар да ашылмай қалған. Елдегі ең ірі интернет провайдері «Қазақтелеком» компаниясы Азаттықтың осы және өзге де «жиһадқа» қатысты материалдарының ашылмай қалуына қатысы жоғын айтып келеді. Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитеті редакциямызға берген жауабында Азаттық материалдарының ашылмай қалуын бұған дейін прокуратураның «аталған видеоролик пен оның үзінділерін жарияламау» жайлы ескертуіне байланысты «шектеу қойылған» деп түсіндірген. Бірақ Азаттық өз материалдарында ол видеороликті немесе оған гиперсілтемелерді жарияламаған.

Азаттық сайтындағы Қазақстан аумағынан ашылмай қалған мақалаларды facebook-тегі парақшамыздан оқи аласыздар.

XS
SM
MD
LG