Accessibility links

АҚШ жоғарғы соты біржынысты неке мәселесін қарайды


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

АҚШ жоғарғы соты біржыныстылар некесіне қатысты даулы мәселені қарайтынын мәлімдеді. Жоғарғы сот мұндай некеге тыйым салу конституцияға қаншалықты сәйкес және біржыныстылардың некеге тұруына тыйым салған штаттардың басқа штатта тіркелген осындай некені заңды деп тануы тиіс пе деген сауалдарға жауап беретін ұйғарым шығаратын болады.

Жоғарғы сот қарауына Огайо, Кентукки, Мичиган және Теннеси штаттарынан түскен талап-арыздардың иелері осы штаттарда әлгіндей неке түріне салынған тыйымды конституцияға сай деп таныған федералдық апелляциялық соттың шешімімен келіспейді. Бұған дейін АҚШ федералдық апелляциялық соттарында біржыныстылар некесіне қатысты қарама-қайшы шешімдер қабылданған еді, соттардың көпшілігі ондай некеге тыйым салу конституцияға кереғар деп тапқан. Қоғамдағы өзекті әлеуметтік мәселелердің бірі енді жоғарғы сотта қаралмақ.

Былтыр жоғарғы сот «Некені қорғау туралы» федералдық заңдағы біржыныстылар отбасына қатысты кемсітушілік сипаттағы кейбір баптарды алып тастаған еді. Бұл шешімнен соң бірнеше штаттағы федералдық соттар біржыныстылар некесіне салынған тыйымның күші жоқ деп таныған.

Егер жоғарғы сот төрт штаттағы біржыныстылар некесіне салынған тыйым азаматтардың конституциялық құқықтарын бұзады деген шешім шығарған жағдайда, бұл бүкіл ел көлемінде біржыныстылар арасындағы некені заңды деп тануға жол ашады. Бірақ, сарапшылар жоғарғы соттың қандай шешім қабылдайтындығын тап басып айта алмай отыр.

Жоғарғы сот азаматтардан түскен талап-арыздарды қарауды сәуір айына тағайындады, шешім маусым айының соңында қабылдануы мүмкін. Қазіргі кезде АҚШ-тағы елу штаттың он төртінде біржынысты адамдар некесіне тыйым салынған.

XS
SM
MD
LG