Accessibility links

Украина әскері Донецк әуежайын ұстап отыр


Донецк әуежайын қорғап тұрған украиналық әскерилер өткен түні жаралы сарбаздарды қауіпсіз жерге шығарып алды деп хабарлады Украина президентінің кеңесшісі Юрий Бирюков Facebook-тегі парақшасында. Оның айтуынша, өткен түн біршама тыныш болған, әскерилер әуежай аймағынан жиырма жаралы сарбазды және қаза тапқан екі адамның сүйегін алып шыққан.

Арнайы операциялар баспасөз орталығының хабарлауынша, жараланғандардың барлығы медициналық мекемелерге жеткізілген.

Операция жүріп жатқан аймақта жағдай күрделі күйде қалып отырғаны хабарланды. Кешеден бері сепаратистер украиналық әскерилер шебін 28 рет атқылаған. Крымское, Счастье, Трехизбенка, Тоненькое, Пески, Опытное, Николаевка және Марьинка елдімекендері оқ астында қалған. Донецк әуежайындағы метерологиялық мұнара да нысанаға алынғаны айтылады. Сенбінің кешінде Марьинка және Майорский елдімекендері маңында сепаратистермен қарулы қақтығыстар болған.

Өзін өзі жариялаған «Донецк халық республикасының» өкілдері өткен түні Донецк әуежайында «жүзге жуық украиналық әскерилер қаза тапқан және жараланған» деп хабарлайды. Үкімет күшіне қарсы ұрысқан «халық жасақтарынан» 17 адам жараланған дейді олар. «Интерфакс» агенттігінің сепаратистерге сілтеме жасап хабарлауынша, жексенбіге қараған түні украиналық әскерилер «оқ атпау туралы келісімді 32 рет бұзып, Донецк әуежайына үш рет шабуыл жасаған».

XS
SM
MD
LG