Accessibility links

Иранда пайғамбар карикатурасына қарсы шеру өтті


Тегерандағы Франция елшілігі алдында өткен Мұхаммед пайғамбарды карикатураға басуға қарсылық акциясы. Иран, 19 қаңтар 2015 жыл.
Тегерандағы Франция елшілігі алдында өткен Мұхаммед пайғамбарды карикатураға басуға қарсылық акциясы. Иран, 19 қаңтар 2015 жыл.

Иран астанасы Тегеранда жүздеген адам қаңтардың 19-ы француздың Charlie Hebdo журналының Мұхаммед пайғамбарды карикатураға салғанына наразылық танытты.

Көпшілігі студенттерден тұратын демонстранттар Франция елшілігі алдына жиналып, "Сионистік Франция жойылсын!" деп айғайлаған. Кейбіреулері елшіліктің жабылуын талап еткен.

Қаңтардың 7-сінде Парижде Charlie Hebdo сатиралық журналы редакциясына бетперде киген қарулы үш адам шабуыл жасап, 12 адам қаза тапқан. Мерт болғандардың көпшілігі - журнал қызметкерлері. Шабуылға күдіктілерді ұстап, көзін жою операциялары кезінде Парижде тағы бес адам мерт болған.

Журналға шабуылды "Әл-Қаида" ұйымының Араб түбегіндегі қанаты мойнына алып, "шабуылдаушылар журналдың Мұхаммед пайғамбарды карикатураға салғаны үшін кек қайтармақ болды" деп мәлімдеген.

Қаңтардың 14-інде, Charlie Hebdo журналының шабуылдан кейінгі саны үш миллион тиражбен шықты. Журнал алты тілге аударылып, әлемнің 25 мемлекетінде саудаға түсті. Журнал мұқабасында "Мен Чарлимін" деген жазуы бар плакат ұстаған "Мұхаммед пайғамбар" бейнесі басылған. Картина "Барлығы кешірілді" деп аталған. Пайғамбар карикатурасы әлемде көптеген мұсылмандардың наразылығын тудырған.

Карикатураны көптеген ақпарат құралдары көшіріп басып, Франциядағы шабуылдан қаза тапқандарға көңіл білдіріп, құрмет көрсету мақсатында пайдаланды.

Иран журналға шабуылды айыптағанымен, пайғамбар карикатурасы басылғанын сынады.

XS
SM
MD
LG