Accessibility links

Сарапшылар: Оспанов қамауда азап көрген болуы мүмкін


Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің бұрынғы басшысы Мұрат Оспанов.

Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің бұрынғы басшысы Мұрат Оспанов.

Астананың мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер сотында бүгін табиғи монополияларды реттеу агенттігінің бұрынғы төрағасы Мұрат Оспановтың адвокаты Халида Айтқалиева Оспановты тұтқындау мен тергеуге алынғанында түсірілген видеожазбаға жасалған сараптама қорытындысын жариялады. Айтқалиеваның сөзінше, сараптама Санкт-Петербургтегі тәуелсіз сараптау және бағалау институтында Мұрат Оспановқа азаптау тәсілдері қолданылғанын анықтау үшін жасалған.

Сараптама қорытындысында Оспановтың видеоға түсірілген тергеу басталғанға дейін үш сағат тамақ ішпеуі және түні бойы ұйықтамауы оның "айналасын дұрыс қабылдап, өз іс-әрекетіне есеп беру қабілетіне кәдімгідей ықпал етуі мүмкін" екені жазылған. Адвокат Айтқалиеваның сөзінше, ресейлік сарапшылар видеода Оспанов жауап бергенде "кібіртіктеп, сұраққа жауап қайтарғанда ақпаратты ой елегінен өткізу мүмкіндігі төмендегені, қойылған сұрақтарға қатысты есте сақтау, назар аудару, ой қорыту қабылетінің бұзылғаны байқалады" деген.

Сараптама қорытындысында "Оспановтың видеоға жазылған тергеу кезіндегі эмоционалдық және психикалық жай-күйі оған көрсетілген физикалық немесе психикалық қысымның әсерінен болуы мүмкін" делінген.

Адвокат Айтқалиева сот басталар алдында сараптама қорытындысын қылмыстық іс материалына қосуды сұрап өтініш берген. Бірақ сот оның өтінішін қабылдамаған.

Қаржы полициясы Мұрат Оспановты «табиғи монополиялар субъектісіне болысқаны және оларды қорғағаны үшін 200 мың доллар пара алды» деген күдікпен былтыр шілденің 1-і күні тұтқындаған. Кейінірек тергеу «шенеунік параның тағы бір бөлігін - 100 мың АҚШ долларын бұрынырақта алып қойған» деген ақпарат таратты. Тергеушілердің айтуынша, жалпы сомасы 300 мың доллар ақша Оспановтың көмекшісі Ергешев арқылы берілген.

Мұрат Оспановтың соты қарашаның 11-інде басталған.

Ол табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы қызметін екі жыл атқарған.

XS
SM
MD
LG