Accessibility links

Көлік арзандағанына наразылар да бар


Қазақстанға Ресейден сатуға әкелінген автокөлік жанында тұрған адам. Ақтөбе, 19 желтоқсан 2014 жыл.
Қазақстанға Ресейден сатуға әкелінген автокөлік жанында тұрған адам. Ақтөбе, 19 желтоқсан 2014 жыл.

Рубль құнсызданып, ЕАЭО келісімі іске қосылғалы Қазақстанда автокөлік арзандай бастады. Бірақ Ресейден көлік әкелуге жүрексінетіндер әлі көп.

Алматылық Әнуар Жеткелбаев 2015 жылы 1 қаңтарда Беларусь, Қазақстан, Ресей және Армения енген Еуразия экономикалық одағы (ЕАЭО) туралы келісім-шарт іске қосылған соң елде көлік бағасы өзгергенін айтады.

– Бұрын біршама тұрақты еді. Қазақстан [2010 жылы] Кеден одағына кірген соң көлік бағасы шарықтап, амалсыз сатып алғанбыз. Енді, міне, соңғы бір-екі айда қайтадан күрт арзандады. Әсіресе қымбат көлік алғандар алданып қалғандай боп отыр, – дейді Алматы қаласының іргесіндегі көлік базарында 1992 жылғы көлігін саудалап тұрған Әнуар Жеткелбаев.

Оның 2013 жылы жазда 4500 долларға сатып алған көлігін жарты бағасына, 2000-2500 долларға сұраушылар көп.

– Көлікті күрделі жөндеуден өткізіп, біраз қаражат шығардым. Енді жарты бағасына сатсам, босқа шығынданған болып шығамын. Оның үстіне басқа көлікке қолым жетпей қалады, – дейді Әнуар Жеткелбаев.

«Бұл көлікті сатқаннан кейін Ресейге барып тәуірлеу көлік сатып алсам ба» деп екіойлы боп жүрген Әнуар Жеткелбаев «Ресейге көлік іздеп кетіп, қайта оралмағандар көбейді» дейтін қауесеттен сескенетінін де айтады.

Алматының көлік базарындағы баға туралы видео:

Көлік бағасы арзандады
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:44 0:00

«РЕСЕЙ НАРЫҒЫМЕН ТЕҢЕСКЕНДЕ БАҒА ТҰРАҚТАЙДЫ»

Базарда көлігін өткізе алмай наразы болып тұрған тек Әнуар Жеткелбаев қана емес. «Рубль құнсызданғаннан кейін Ресейден әкелетін автокөліктер күрт көбейіп, баға құлдырап, сатып алушылар аңыс аңдауға көшкен» дейді сатушылар.

Олардың бірі, өзін «Еуропадан көлік айдап әкеліп сатып жүрген кәсіпқой сатушымын» деп таныстырған Жаннұр Сұлтанов та соңғы кездері тек Ресейден көлік тасуға көшкенін айтады.

Алматы көшесіндегі автокөліктер. (Көрнекі сурет)
Алматы көшесіндегі автокөліктер. (Көрнекі сурет)

– Биыл қаңтардың 1-інен бастап күшіне енген ЕАЭО шартына сәйкес құжат рәсімдеу оңай боп қалды. Енді кәсіпқой сатушылар ғана емес, қарапайым адамдар да Ресейден көлік әкеле беретін болады, – дейді ол.

Ел 2010 жылы Кеден одағына кірген кезде де көлік бағасы осылай құбылғанын айтқан Жаннұр Сұлтанов «Қазақстандағы автокөлік бағасы Ресей нарығымен теңескенде ғана тоқтайды» деп біледі.

Рубль құнсызданғалы бәсекелестері де көбейгенін айтқан Жаннұр Сұлтановтың сөзінше, Ресеймен салыстырғанда Еуропада сапалы көлік табу жеңілірек болған.

– Ресейде құжаты дұрыс емес көліктерге ұрынып қалғандар да жеткілікті. Тіпті сатып алған көлігі де, өзі де Ресейде жоғалып кетіпті деген қауесеттерді естимін, – дейді соңғы рет 2014 жылы желтоқсанда Мәскеуден көлік әкелген Жаннұр Сұлтанов.

«ЖОҒАЛЫП КЕТУ» ҚАУПІ ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ АВТОӨНДІРІС

Әнуар Жеткелбаев пен Жаннұр Сұлтанов айтқан сөзді – «біреулер Ресейге көлік іздеп барып жоғалып кетіпті» деген қауесетті автошолушы, бұрын өзі де шетелден көлік әкеп сатқан Нұраддин Садықов та естіген.

– Қазір қарапайым тұтынушыларға Ресейден арзан әрі сапалы көлік әкелуге қолайлы мүмкіндік туып тұр. 1990 жылдардың бас кезіндегідей қылмыстық топтар белсенді болып кетті деп ойламаймын. Ресейде де жол бойында тұрған полиция бекеттері өте көп. Қайта Ресей заңдарын жетік біле бермейтін қазақстандықтар ресейлік полицияға жем болуы мүмкін, – дейді Нұраддин Садықов.

Ескі автокөліктер базары. Красноярск, Ресей, 15 қаңтар 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Ескі автокөліктер базары. Красноярск, Ресей, 15 қаңтар 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Ал тәуелсіз автомобилистер одағының төрағасы Эдуард Эдоков Ресейден көлік алуға аттанған қарапайым адамдардың мол ақшамен жүруі қылмыстық топтардың назарын аударуы мүмкін екенін айтады.

– Бірақ жеке бастың қауіпсіздігі үшін көлік тасушы компаниялардың қызметін пайдаланған дұрыс. Оның үстіне қарапайым адамдар көлік құжаттарынан алданып қалуы да мүмкін. Өйткені Ресейде көліктің қалай рәсімделетінін бүге-шігесіне дейін білмейді, – дейді Эдуард Эдоков.

Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметкері Тілеулес Жанұзаққызы тұрғындар арасындағы «Ресейде жоғалғандар» жайлы сөз негізсіз екенін айтты.

– Ресейге көлік әкелуге кетіп зорлық-зомбылық көргені немесе қандай да бір адамның жоғалып кеткені туралы әзірге тұрғындардан ешқандай шағым түскен жоқ, – деді ол Азаттық тілшісіне.

Ал Эдуард Эдоков «қазақстандық тұтынушылардың ЕАЭО арқасында арзан көлік ала бастағаны елдегі көлік сатушыларға ұнамауы мүмкін» деп түсіндіреді.

– Өткен жылы қазақстандық автоөндіріс «Экономикалық одақты қолдаймыз, жаңа нарық ашылды» деп қуана мәлімдеген. Ал енді шын мәнінде шекара ашылғанда нарық заңы бойынша бәсекелесудің орнына Ресейден әкелетін көлік санын шектеу керек деген сияқты шағым айта бастады, – дейді ол.

Ақша айырбастау орындарының біріндегі валюта бағамы. Алматы, 14 қаңтар 2015 жыл.
Ақша айырбастау орындарының біріндегі валюта бағамы. Алматы, 14 қаңтар 2015 жыл.

Ресейде рубль арзандағалы және ЕАЭО келісімі іске қосылғалы Қазақстанда жасалған көліктердің сатылуы 60 пайызға кемігенін қаңтардың 14-інде ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқармасының төрағасы Абылай Мырзахметов те мәлімдеген. Жеке тұлғаға Ресейден көлік сатып алмау жайлы тыйым салу мүмкін емесін ескерткен Абылай Мырзахметов «егер ол көлікті өзіне емес, сату үшін әкелсе, ол кәсіпкерлік болатынын» айтқан. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқармасының төрағасы осыған байланысты «ЕАЭО келісімі бойынша уақытша сауда шектеуін өнгізу жайлы» ұсыныс жасаған.

Қазақстандағы тәуелсіз автомобилистер одағының төрағасы Эдуард Эдоковтың дерегінше, Ресейде жылына 3 миллиондай, ал Қазақстанда 150-160 мыңдай көлік сатылады.

2014 жылдың соңында мұнай бағасының арзандауы мен Батыстың санкциясы әсерінен Ресей рублі бұрын-соңды болмаған қарқынмен құнсызданған. Соның салдарынан Ресейдегі рубльмен есептелген автокөліктер бағасы долларға шаққанда күрт арзандап, Қазақстаннан Ресейге көлік іздеп барушыларды көбейткен. 2015 жылы 1 қаңтарда күшіне енген ЕАЭО келісімі де Қазақстан азаматтарының Ресеймен еркін саудасына жол ашқан.

XS
SM
MD
LG