Accessibility links

Обама: Экономикалық құлдырау кезеңі өтті


АҚШ президенті Барак Обама.

АҚШ президенті Барак Обама.

АҚШ президенті Барак Обама америкалықтарға арналған жыл сайынғы жолдауында "бірнеше жылғы экономикалық рецессия мен Ауғанстан және Ирактағы соғыстан кейін АҚШ-тағы дағдарыстың елесі өтті және қазір елдегі жағдай тұрақты" деп мәлімдеді.

АҚШ-та экономикалық өсім артқанын және елдегі кедейшілік деңгейі 5,6 пайызға дейін түскенін айтқан Обама "қазір тарихтың соғыс пен рецессиядан кейінгі жаңа бетін ашатын уақыт туды" деді.

Қараша айында республикашылар бақылауына өткен сенат пен өкілдер палатасының алдында сөйлеген Обама конгресті елде заманауи порттар, берік көпірлер салу, жүрдек пойыздар шығару және ұшқыр интернет байланысын дамыту жобаларын қолдауға шақырды.

Республикашыл саясаткерлердің көпшілігі бұған дейін Обаманың кейбір ішкі саясаттағы ұстанымдарына қарсылық білдірген. Жолдауда Обама конгресс мүшелерін бірлесе жұмыс істеуге және Демократиялық партия мен Республикалық партия арасында басараздық тудырмауға шақырған.

Халықаралық саясатқа қатысты Барак Обама "әскери күш-қуат пен берік дипломатияға" сүйене отырып "Американың көшбасшылық рөлі" стратегиясын жалғастыра беру қажет деді. АҚШ президенті "Пәкістаннан бастап Париж көшелеріне дейін еніп кеткен" террористермен аяусыз күрес жүргізуге уәде беріп, конгрестен радикалды "Ислам мемлекеті" ұйымының содырларына қарсы жаңа әскери күшті қолдауды сұрады.

Обама бұған қоса Вашингтон үлкен мемлекеттер шағын елдерге "тізесін батырмауы тиіс" деген ұстанымынан айнымайтынын да айтқан.

Барак Обама АҚШ Ресейдің басқыншылығына қарсы тұратынын және Украинадағы демократиялық өзгерістерді қолдайтынын білдірген.

Барак Обама Ресейге салынған санкциялар Мәскеуге ауыр тигенін айтып, Ресей президенті Владимир Путиннің әрекетін "стратегия мен күш-қуатын ойнату" деп бағалау қате деді. "Қазір АҚШ күшті және ол өз одақтастарымен бірге, ал Ресей оқшауланып, экономикасының талқаны шықты" деді Обама.

АҚШ президенті конгресс ұсынғандай Иранға қарсы санкциялар салу Тегеранмен ядролық бағдарламаға қатысты келіссөзді үзуі мүмкін екенін ескертті.

XS
SM
MD
LG